Теміржолдағы жағдай: вагондар тапшылығы, ескірген локомативтер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміржолдағы жағдай: вагондар тапшылығы, ескірген локомативтер

22.01.2023

Ұшақ қымбат, автожолдар шұрық-тесік. Сондықтан көпшілік қаладан қалаға қатынарда пойызды таңдайды. Мысалы, былтыр 12 млн-дай адам теміржолмен жүрген. Басқа траспортқа қарағанда көп. Бірақ, сұраныс бола тұра, пойыздар сапасы неге жақсармайды? Жауап іздеп көрдік.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Бұл міне Астанадан Арқалыққа қатынайтын 655-ші пойыз. Дәл осы пойызға жолаушылардың шағымы өте көп. Сондықтан ішіндегі барлық жағдайды көзімізбен көрсек деп, осы пойызға билет алдық.

Бұл пойызға мінуіміздің нақты себебі бар. 10 күн бұрын әлеуметтік желілерде мына бейнетүсірілім тараған.

Бұл сол кездегі 30-35 градус аяздағы көрініс. Біз мінгенде күн жылы болғасын ба терезеде қырау болмады. Бірақ, темір дөңгелектеріне мұз қатқан пойызбен жолға шықтық. Вагон туралы сәл кейін. Бірден айтарымыз, пойыз кестеден кеш жүрді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Біздің пойызымыз негізі 6-дан 37 минут кеткенде шығуы тиіс еді. Бірақ, міне 7-ден 15 минут кеткенде ғана орнынан қозғалды.

Бұл үйреншікті жағдай,- деді жолаушылар.Ал,пойыздың 6 вагоны бар екен.Соның біреуі ғана жаңалау. Қалғандары ескі.

Жеңіс Махатов, жолаушы:

Өткенде бара жатыр ем Алматыға. Өліп бардым барғанша. Матрастарды жаңартуға болады. Жастықтарының жастық сияғы жоқ.

Сандуғаш Алдаберген, жолаушы:

Туалеттің өзі проблема. Бір вагонда екі туалет болса, біреуі ейде істемей тұрады. Ремонтқа. Таңертеңнің өзінде 1 сағаттай туалетте кезекке тұрасың.

Қаладан шыға сала терезеден жел гуледі. Жақтауларына жапсырылған пенопластан пайда болмады. Туалеттің есігін ашып сайын да салқын ұрады.Жолаушылар бұл жағдайға көндіккендей.

Вагонның жарығы да әлсіз, іші түнеріп тұр.Келесі купеде отырған адамның түрін көру де қиын.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Біздің вагонда тек осы жерде ғана тоқ көзі бар екен. Бірақ, оның өзі міне істеп тұрған жоқ.

Бір қызығы, Астанадан кешігіп шыққан пойыз Арқалыққа уақытылы жетті. Түсірілім тобын көргесін тез жүрген шығар дегендер болды. Ал,бұл Арқалыққа Астанадан қатынайтын жалғыз пойыз емес. Өткен жылы екі ортаға Тальго вагондары берілген. Бірақ, көпшілік ол ыңғайсыз,-дейді.

Ұлболсын Қашақова, Арқалық тұрғыны:

Тальго дегенге вообще мен ұнатпаймын. Іші тар ма, бірдеңе. Бізге келмейді. Біз қазақпыз бала-шағамыз бар. Апаратын затымыз болады балаларға.

Жақыпжамал Қожақова, Арқалық тұрғыны:

Тальго қымбатырақ. Сирек барамыз Тальгомен. 9 мың ба?

Бұл бір ғана пойыздағы жағдай.Ал, біз әлеуметтік желіге «Қай қалаға жүретін пойыздар ескі» деп сауал тастағанбыз. Астана-Семей, Қостанай-Алматы, Көкшетау-Қызылорда, Павлодар-Қызылорда сынды бірнеше бағыттағы пойызға шағымданғандар болды.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Ресми мәлімет бойынша еліміздегі пойыз вагондарының 35 пайыздан астамы 30 жылдан бері қолданылып келеді. Ал 60 пайыздан астамы орташа деңгейде тозып тұр. Мысалы, мына вагон 1994 жылы шығарылған. Ал былтыр қолданылу мерзімі 2038 жылға дейін созылған.

Мұндай вагондармен адам тасымалдау халықаралық талапқа сай емес,-дейді сенатор Бауыржан Қаниев. Сондай-ақ, ол вагондарды жаңарту тұрмақ, ескілерінің өзі жетпейтінін айтты.

Бауыржан Қаниев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Біз Қазақстан темір жолының жұмысын қайта қарауымыз керек. Қазір мысалы, 300 жолаушылар вагоны, 1500 жүк вагоны жетіспейді. Одан бөлек, 1000-ға жуық локомотив керек.

Жолаушылар тасымалына жауапты компания болса биыл 61, келесі жылы 257 вагон сатып алуды жоспарлап отырғанын айтты.

Мәди Мұхамедқали, «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі:

2029-2030 жылға дейін 500-ден астам жаңа типті вагондарды қолданысқа енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Демек, жолаушылар 2030 жылға дейін ескі вагондармен жүретін сынды. Айта кетейік, вагон сатып алу үшін үкіметтен жыл сайын субсидия бөлінеді. Мысалы, 2021 жылы14 млрд теңге жұмсалған.Енді вагон ғана емес, локомотивтер алуға да субсидия берілмек.

Алмас Ыдырысов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

Локомотив парктерін көбейтсек, пойыздардың жылдамдығы да артады. Мысалы, биыл 40 локомотив алдық, жыл соңына дейін 130-ін алуды жоспарлап отырмыз.

Пойыздардың уақытылы жүрмеуіне қатысты да шағым көп. Соңғы кезде сағаттап кешігетін болған. Мысалы, өткен айда Астана-Алматы пойызы 15 сағатқа кешіккен. Егер пойыз кешіксе, әр сағат үшін билет құнының 3 пайызы қайтарылуы тиіс. Бірақ, өтемақы алу жүйесіне арызданушылар көп. Мысалы, Шүкірбай Ділмағамбетов есімді азамат 4 күн бұрын Фейсбукка былай деп жазды:

«Мен Астана-Алматы пойызын билет алғам. Вокзалға келгенімде, пойыз 6 сағат кешігіп шығатыныы хабарлады. Дереу билетімді өткізіп, өтемақыға өтініш жазайын десем өтінішті тек пойыз жүргесін жаза аласыз дейді. Сонда 6 сағат бойы вокзалда отыруым керек пе? Пойыздың кешігетіні нақты болса, өтінішті неге алдын ала жаза алмаймын?»

Пойыздың кешігуіне түрлі себеп бар. Жауаптылар ауа райының қолайсыздығын айтады. Одан бөлек, жолдағы жөндеу жұмыстарына байланысты. Мысалы, қазір елдегі темір жолдардың да 50 пайыздан астамы ескірген.

Амангелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу