Бүгін Ұлттық ұланның құрылғанына - 31 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Ұлттық ұланның құрылғанына - 31 жыл

10.01.2023

Бүгін ел қорғаны Ұлттық ұланның құрылғанына - 31 жыл. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігі, қарулы қақтығыстарды болдырмау сынды маңызды жұмыстарды атқаратын үш бірдей әскери бөлім Қарағанды облысында орналасқан.

Ондағы сарбаздар айдауыл қызметімен қатар түзету мекемелерін де күзетеді. Осы уақыт аралығында әскери бөлімдерден ерлігімен көзге түскен талай сарбаз шыққан.

6505 әскери бөлімінде мыңға жуық сарбаз азаматтық борышын өтеп жүр. Ақылбек Қоңыров оларға қоғамдық тәртіпті қадағалау, қамалғандарды күзету, оларды сотқа апару кезіндегі айдауыл жұмысының қыр-сырын үйретеді.

Білікті маман өзі де бүкіл Ұлттық ұланның мақтанышы. Бір отбасыны қандықол қылмыскерден құтқарып, үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Ақылбек Қоңыров, 6505 ӘБ әскери полиция қызметінің басшысы:

Андрей деген көршім, орыс жігіт есік қағып келіп көмек сұрады. Әйелімнің бұрынғы күйеуі түрмеден босап келіп, үйде мазамызды алып жатыр, қолында пышағы бар деп. Мен көп ойланбастан киініп астыңғы қабатқа түстім. Владимир деген жігіт қолында пышағы бар, мас күйінде әйел-балашағасын боқтап, балағаттап, әйелін пышақтап жатыр екен. Оны көрген соң қоян-қолтық ұрыс тәсілімен жерге алып ұрып, қол-аяғын байлап, полиция қызметкерлерін шақырдым.

Құрылғанына 56 жыл болған 5451 әскери бөлімі де Қарағандыда орналасқан. Мұнда 800-ден астам сарбаз бар. Олардың міндеті - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Мысалы тек өткен жылы әскери бөлім сарбаздары 60-қа жуық қылмыскер мен қоғамдық тәртіпті бұзғандарды ұстаған.

Арман Сыздықов, 5451 әскери бөлім командирінің орынбасары:

Сарбаздар көбінесе өздерінің батылдықтарын, қызмет атқару кезінде қырағылықтарын көрсетеді. Бір жағдайды айтып кететін болсам, есірткіні тасымалдау кезінде қылмыскерді ұстап алды. Ол ағаштардың арасына тиым салынған затты тығып, фотоға түсеріп жатқан кезде жасақ ұстап алды.

Бейбіт күнде ерлігімен көзге түскен әскерилердің ерлігі сарбаздар мен жастарға патриоттық сабақтарда үлгі ретінде дәірптеледі. Ұлттық ұлан сарбаздары 31 жыл бойы ел тыныштығын күзетіп тұр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу