2020 жылдан бері алғаш рет Қытай шетелдік туристер үшін шекарасын ашып, шектеулерді алып тастады. Саяхатшылар бұдан былай карантинге жатқызылмайды. Дегенмен 48 сағат бұрын жасалған ПТР-тесті талап етіледі.
Сонымен бірге билік жексенбіден бастап шетелдіктерге виза мен елде уақытша тұру үшін рұқсат бере бастады. Құрлықтық Қытай тұрғындары шетелдік төлқұжат ала алады. Бұған қоса Гонконгпен арада теңіз және құрлық арқылы жолаушыларды тасымалдау қайта басталды.
Дегенмен бұл бағыт арқылы күн сайын саяхаттайтын адам санына шектеу енгізілді. Қытай қарашада өткен жаппай шерулерден кейін ковидке қатысты қатаң шараларын жеңілдетті. Локдаун алынып тасталғаннан кейін елде коронавирус күрт өршіді.
Әлемді Бейжіңнің елдегі ахуалға қатысты ашық әрі нақты ақпарат бермеуі алаңдатып отыр. Кейбір елдер Қытайдан баратын саяхатшылар үшін ковид бар-жоғын анықтайтын тестті міндетті етті.
Арай Төлеген