Маңғыстауда үй құстарын жаппай егу шарасы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда үй құстарын жаппай егу шарасы басталды

26.12.2022

Маңғыстауда үй құстарына жаппай вакцина салынып жатыр. Ол үшін 18 мыңнан астам екпе алынған. Еске салайын, өңірдегі Қаракөл көлінен өлі аққулар табылып, олардың құс тұмауынан қырылғаны анықталды. Осыдан кейін мамандар індеттің алдын алуға кірісті.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Үй құстарын вакцинациялау шарасы өткен сенбі күні басталды. Мамандар тек теңіз жағаға жақын аудандардағы үй құстарын егіп жатыр. Біз қазір Мұнайлы ауданы Баянды ауылындамыз. Мұнда 2600 үй құсы тіркелген. 2 бригада жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейін 2 мың құсқа вакцина егілді.
Әбжет Бекмурзин, Мұнайлы аудандық ветеринарлық станция директорының орынбасары:
Қазақстанның басқа облыстарында тіркелмегенмен. Маңғыстауда да тіркелмеген еді. Бұл бірінші рет тіркеліп тұр. Сондықтан біздер жедел жылдамдықпен, өте сақтықпен егіп жатырмыз. Бұл адамға жұғады. Сақтану керек. Егілген құстың етін 21 күнге дейін пайдалануға болмайды.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Облыс бойынша 8 бригада жұмыс істеп жатыр. Аймақта 19 мыңға жуық үй құсы тіркелген. Вакцинациялау тегін жүргізілуде. Сондай-ақ мамандар тұрғындарға құс тұмауының алдын алуға қатысты кеңестерін беруде. Егу шарасы шамамен 10 күнге жалғасады.



Хабарламаларға жазылу