Қазақстан мен Өзбекстан одақтас мемлекет атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Өзбекстан одақтас мемлекет атанды

Қазақстан мен Өзбекстан одақтас мемлекет атанды

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз әрі табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады. Мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Келер жылдан бастап екі елдің өңірлерінде бірлескен кәсіпорындар ашылады. Сонымен бірге бұл сапарда бауырлас мемлекеттер одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды.

Ақерке Бектас, тілші:

Соңғы уақытта Орталық Азия аймағы халықаралық дипломатияның орталығына айналғандай. Бұған осы күзде Қазақстан мен Өзбекстанда өткен бірқатар саяси маңызды саммит, басқосулар дәлел. Өңірлік сауданың шамамен 70 пайызын игеріп отырған екі мемлекет енді өнеркәсіп, ғылым, құрылыс саласында да жаңа жобаларды қолға алмақ.

Осы аптадағы маңызды кездесу алдында қалада біраз дайындық жүрді. Сейсенбіден бастап Ташкент көшелерінен қос мемлекеттің туын, Қазақ басшысының фотосы ілінген баннерлерді байқадық. Ел астанасы желтоқсанның өзінде әлі жап-жасыл. Өзбек халқының тынымсыз еңбекке шынығуына сірә, бұл да ықпал етсе керек.

Қазақстан біздің ескі досымыз, көршіміз. Сіздер арқылы біздің тауарлар өзге елге тасымалданып жатыр. Қазақстаннан біздің елге құйылған қаржы көп. Қазақстанда шырайлы шаһарлар көп деп есептеймін. Мәдениетіміз ұқсас, тіліміз ұқсас. Алдағы уақытта сол қалаларды аралап көргім келеді.

Соңғы уақытта Түркі мемлекеттері арасындағы байланысы ол туралы жиі айтылып жүр ғой. Сіздердің Президенттің бұл сапары кезінде бауырлас елдердің қатынасы нығая түседі деп ойлаймын.

Сонымен кеше түс ауа Президент мінген ұшақ Ташкент халықаралық әуежайына қонды. Қасым-Жомарт Тоқаевты әріптесі Шавкат Мирзиеев қарсы алған.

Ақерке Бектас, тілші:

Бұл уақытта Ташкент қаласындағы халықаралық конгресс орталықта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуіне орай қызу дайындық жүріп жатыр. Өзбекстанның әскери оркестрі осында. Құрмет қарауылы әзірлігін тағы бір пысықтады. Айта кетейік, Қазақстан Президенті 2019 жылы сәуірден кейін Өзбекстанға екінші рет мемлекеттік сапармен келіп отыр.

Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл сайлаудан кейін алғашқы мемлекеттік сапары. Есте болса, былтыр Шавкат Мирзиеев те Президент сайлауындағы жеңісінен соң, бірінші мемлекеттік сапармен Қазақстанға келген еді. Екі елдің тек бауырлас ғана емес, стратегиялық серіктес екенін бұл деталь де аңғартса керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Достас әрі тілектес елміз. «Ғафу ли дос илга соғар» деп, ал қазақта «Шынайы дос шыңға шығарар» деген нақыл сөздер бар. Сондықтан біз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынасты тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты барынша нығайтуға мүдделіміз.

Ал Өзбекстан Президенті тауар айналымының ұлғайғанына және бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Шавкат Мирзиёев ұстанымы ортақ елдерді алаңдатқан мәселе бірлесіп шешілетінін атап өтті.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

Сіздің мемлекеттік сапарыңыз біздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыстарымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай түседі. Біздің халықтарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ әрі біз өзекті мәселелерді бірлесе шешеміз.

Бауырлас мемлекеттер одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды. Президенттің пікірінше, бұл істегі бірлескен әрекет бүкіл Орталық Азияның тұрақтылығын сақтауға елеулі үлес қосады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді.

Бұл сапарда тағы бір маңызды келісім бекіді. Екі елдің мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи келісім оңтүстегі шекараны халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайтынын айтты.

Келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде де уағдаласты. Сонымен бірге екі елде бой көтеретін нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастап берді.

 «Өзбекстанда жасалған» бренді қазір біраз елдің нарығына кірді. Киім-кешек, кілеммен қатар ала шапанды ағайын ұсақ-түйек техникаға дейін шығарады. Енді Өзбекстан тәжірибесі Қазақстанда да қолданылмақ.

Сонымен 2-3 жылда Қарағанды облысында жылына 1 млн тұрмыстық техникаға шығаратын зауыт іске қосылады. Ал Шымкентте фармацевтикалық зауыт ашылады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

Оның өнімдері бірінші кезде ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Қосымша экспортқа шығуға мүмкіндік табылады.

Нұрболат Нысанбаев, саясаттанушы:

Инвестициялық жобаларды кеңінен тарту керек. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін Өзбекстан нарығы үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Себебі 35 млнға жуық нарық көптеген мүмкіндіктер алып келеді.

Иә, енді 35 млнға жуық нарыққа Қазақстан өзбекстандық әріптестерімен бірлесіп кәсіпорындар ашады. Осы арқылы өндеу зауыты, көлік-логистикалық орталық пен тұрғын үй салынады. Тараптар шикізат экспортын арттыруға да ниетті. Қаңтардан бастап Қазақстан Өзбекстанға 300 мың тонна мұнай сатады.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы:

Осы жиналыстың нәтижесі бойынша Өзбекнефтегаз компаниясымен біз нақты келісімге қол жеткіздік. Сонымен қатар Ресейге транзит ұйымдастыруға дайын екенімізді білдірдік.

Сонымен бірге енді Қазақстанның белді жоғарғы оқу орындарының филиалы Өзбекстанда ашылады. Осы сапарда министрлер құжатқа қол қойды. Іс келер жылы жүзеге асады.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Соңғы 15 жылдың ішінде тұңғыш рет ауқымды жоғары білім саласындағы келісімге қол қойылды бүгін. Негізгі бағыттары студенттермен және оқытушылармен алмасу.

Қос тараптың бірлігі бекем болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болатынын тағы бір еске салды. Сонымен бұл сапар сауда-экономикалық байланыс тұрғысынан ғана емес, аумақтық қауіпсіздік жағынан да маңызды болды.

Ақерке Бектас


Бөлісу