Осы аптада Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Осы аптада Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен барады

Осы аптада Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен барады

Осы аптада Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен барады. Қасым-Жомарт Тоқаев 21-22 желтоқсанда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен келіссөз жүргізіп, екіжақты іс-әрекеттің өзекті мәселелерін, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-транзиттік ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолын талқылайды.

Биыл Өзбекстан да алыс-жақын мемлекеттердің басшысын жинаған бірқатар саяси басқосудың алаңына айналды. Тараптар бұған дейін Самарқанда жиі жүздессе, бұл жолы Өзбекстан президенті қазақ басшысын ел астанасында қарсы алады.

Елдің шығысында орналасқан Ташкентте қазір 3 млн-ға жуық адам тұрады. Өзбекстанға қар жұқа түсіп, қысы қатты болмайтынын білеміз. Бірақ бұл аптада күн райы тіпті жылы. Байқасаңыз, желтоқсанда көшеттер де әлі жап-жасыл. Бұл уақытта осы аптадағы маңызды кездесу алдында қалада дайындық жүріп жатыр.

Халық мәдениетінің тамыры қала сәулетінен айқын көрініс тапқан. Салт-дәстүрін бүгінге дейін сақтаған халық кілем тоқып, қыш бұйым жасауды тұрақты табыс көзіне айналдырғалы қашан. Тарихи нысандармен бірге, соның өзі соңғы жылдары туристердің көптеп келуіне себеп болып отыр. Өзбекстан қазынасына қаржы құятын бірден бір сала да осы.

Бахтияр Хабибуллаев қыш ыдыс жасаумен айналысады. Шебердің әулеті ата кәсіпті жылдар бойы жалғастырып келеді. Қолөнер қазір тұрақты бизнеске айналған. Ішкі нарықтан бөлек, жасаған бұйымды Қазақстанға да айына тонналап экспорттап отыр.

Бахтияр Хабибуллаев, шебер:
Бағасы бұйымның жасалу жолына байланысты өзгереді. Ыдыс дайын болған соң, ұлттық нақыштағы суретті салып, бояуға көп уақыт кетеді. Қазір көбіне Шымкент, Ақтөбе қалаларына қыш ыдыстарды экспорттаймыз. Қазақстаннан сұраныс жоғары.

Орталық Азиядағы ең ірі палау жасайтын орталық та осында. Халық ұлттық тағамы арқылы елге турист тартып отыр. 3 тонна палау жасауға болатын қазандарда бұл тағамның 25 түрі дайындалады. Бір қазандағы палау 10 мың адамға азық.

Биыл Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы 3,5 млрд долларға жеткен. Былтырға қарағанда шамамен 1 млн доллар көп. Біздің елден бидай, металл мен мұнай өнімдерін жиі сатып алса, біз көбіне жеміс-жидек, көкөніс өнімдері, кірпіш және көлік импорттаймыз.

Арадағы сауда-саттықпен бірге, Қазақстан Өзбекстан үшін де тиімді транзит. Біздің елдегі теміржол мен автомагистраль арқылы Өзбекстанның тауары Ресей, Еуропа елдеріне жеткізіледі.

Ақерке Бектас, тілші:
Пандемия салдары сейіле бергенде әлемдік саясаттағы шиеленіс әсіресе Орталық Азия елдерінің импорттық әлеуетіне әсер етпей қоймады. Геосаяси жағдай сырттан келетін тауар тапшылығының туындауына, кейін оның қымбаттауына алып келді. Салдарынан бірқатар мемлекет жүк тасымалының бағытын біртіндеп өзгертуге көшті. Бұл уақытта Қазақстан мен Өзбекстан үшін де транспорттық дәліздер өзекті мәселеге айналды. Тараптар бұған дейін дәл осы Ташкент пен Алматы секілді ірі қалаларға қатынайтын жүрдек пойызды іске қосса, қазір шағын қалалар мен аудандар арасындағы тасымалды арттыруды бастаған.
Равшан Назаров, саясаттанушы:
ҚР Президентінің мемлекеттік сапары екіжақты байланысты нығайтумен бірге, аймақтық процестерді жүзеге асыруға ықпал етеді деп ойлаймын. Расымен құрлық арқылы тасымалында Өзбекстан үшін Қазақстан Батысқа шығатын жол деп санаймын. Өзбекстан «Агроэкспресс» деп аталтын жоба арқылы ауылшаруашылығы өнімдерінің тасымалын арттырып жатыр.

Сауда-экономикалық, мәдени байланыспен қатар екі елге ортақ аймақтық проблемалар да бар. Мемлекеттер аймақтағы қауіпсіздікке аса мән беріп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттің сапары аясында халықаралық күн тәртібі де қарастырылады. Сонымен бірге бірқатар екіжақты шарт пен келісімге қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Ақерке Бектас


Бөлісу