Футболдан Әлем чемпионатының алғашқы финалисі анықталды. Аргентина-Хорватия арасындағы ойында жанкүйерлер үш голдың куәсі болды.
Ойын басталар алдында ұйымдастырушылар «бейбітшілік» акциясын ұйымдастырды. Стадионға келген жанкүйерлерлерге құрма, шоколадтар мен шәй ұсынып, футбол алдында көңіл-күйлерін бір көтеріп тастады.
Омар, футбол жанкүйері:
Бұл жақсы бастама. Біз Футбол көруге келген жанкүйерлердің дос болғанын, жақын болғынын қалаймыз. Әлемде бейбітшілік болса екен дейміз. Қатарда өтіп жатқан Әлем чемпионатының ең басты мақсаты - футбол көрермендеріне керемет көңіл-күй сыйлау.
Жартылай финал қашан да тартысты өтеді. Аргентина құрамасы бұл жолы бірінші болып гол соқты. Ойынның 34-ші минутында төреші белгілеген пенальтиді Леонель Месси сәтті орындады.
Араға 5 минут салып, Хулиан Альварес тағы да Хорватия қақпасынан саңылау тауып кетті. Бірінші таймдағы 2:0 есебінен Мессидің командасын финалға бір табан жақындай түсті. Ойынның екінші бөлігінде хорваттар біраз шабуылдап көрді, әйтсе де Скалони шәкірттері қорғаныста сыр бермеді.
Матчтың 69-шы минутында Хулиан Альварес Мессидің пасынан кейін тағы да гол соқты. Есеп 3-0-ге өзгерді. Ойын соңына дейін 2018 жылғы Мундиальдің финалистері есеп айырмасын қысқарта алмай, бұл ойында жеңіліс тапты. Финалда Аргентинаның қарсыласы Франция-Марокко ойынының жеңімпазы болады.
Ерсін Ерік
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Әлем чемпионаты: Аргентина құрамасы финалға өтті&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/index.php/news/168532/)