Түркия астанасы Анкарада «Алаш туы астында» деректі фильмінің түрік тіліндегі көрсетілімі өтті. Қазақстан елшілігі мен «Көк Ту» ұйымының бастамасымен өткен шара Алашорда үкіметінің 105 жылдығына, сондай-ақ Тәуелсіздік күніне орайластырылды.
Жиынға Түркияда білім алып жүрген қазақстандық студенттер мен жергілікті қазақтар және Хажы Байрам университетінің оқытушылары қатысты. Алаш идеясы мен Алашорда қайраткерлері жайлы жан-жақты мағлұмат беріліп, олардың қилы тағдыры сөз болды.
Фатих Килешчиоғлы, Хажы байрам университетінің профессоры:
Фильмді көзіме жас алып отырып тамашаладым. Соңғы жағы есіме түссе, жүрегім езіледі. Жатқан жерлері жайлы болсын. Түркияда Алашты ұлттық қозғалыс ретінде ғана біледі. Ал Алашорда үкіметінің құрылуы, Алаш арыстарының тағдыры туралы айтыла бермейді. Қазақстан тарапынан тиісті көрнекі құралдар берілсе, біз де Алашорда тарихын шәкірттерімізге дәріс ретінде оқытар едік.
Назерке Ахметова, студент:
Мен шетелде оқып жатқан студент ретінде өзімнің бірге оқып жүрген достарымды алып келдім. Тек түріктер емес, одан басқа өлкелерден де достарым болды. Олар, жалпы өз арамызда сөйлескен кезде қазақтың тарихына қызығушылық танытады. Бүгін келіп, өздері тыңдады.