Қазақстанда петиция беруге арналған ресми сайт ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда петиция беруге арналған ресми сайт ашылады

07.12.2022

Кез келген азамат мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың жұмысын бақылай алуы мүмкін. Мәжіліс «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Дарын Сағитов, тілші:

Аталған құжат Президент пәрменімен әзірленіп отыр. Өзіңіз айтқандай заң «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына негізделген. Қоғамдық бақылау жүргізетін азаматтар мекеме немесе компаниядан ақпарат сұратуға, нысандардың әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы болады. Қорытынды құжаттар 10 күн ішінде қаралып, дәлелді жауап берілуі тиіс. Қоғамдық бақылауға 18 жасқа толмаған, соттылығы бар, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Заң аясында онлайн-петиция беру тәртібі де реттеледі.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Сол арқылы енді ұсыныстар, хабарламалар, елдің тілегі рәсімделіп, мемлекеттік құрылымдар немесе құрылымдар оларға жауап беруге міндеттеледі. Сондықтан бұл да азаматтық қоғамның қалыптасуына жасалған оңды қадам деп бағалаймыз.

Петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде 150 адам қосылуы қажет. Олар Қазақстан азаматтары болуы тиіс. Ұсыныс-хабарламаны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Құжатты жария түрде талқылайды. Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды.

Айта кетейік, қоғамдық бақылау туралы заң енді екінші оқылымда қаралады.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу