«Balapan» мен қырғызстандық «Balastan» арналары контент алмасу бағытындағы жұмысты күшейтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Balapan» мен қырғызстандық «Balastan» арналары контент алмасу бағытындағы жұмысты күшейтпек

06.12.2022

Бүгін Бішкекте өткен Қырғыз Республикасы Ұлттық телерадиохабар тарату корпорациясының 90 жылдығына арналған халықаралық медиафорум аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай мен Қырғыз Республикасы ұлттық телерадио хабар тарату корпорациясының басшысы Қайрат Иманалиев өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазақстан мен Қырғыз еліндегі ең ірі медиаұйымдар әріптестікте қызмет атқармақ. Қырғыз тарапы «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсіріп жатқан «Қорқыт ата» телехикаясына атсалысады. Бұған дейін қырғыз арналарында «Абай» және «Әл-Фараби» тарихи телехикаялары көрсетілді. Ал «Balapan» балалар арнасынан қырғыз тарапымен бірлесе түсірілген елдер арасындағы достықты насихатайтын «Екі дос» анимациялық мультфильмі ұсынылды. Бүгінгі келісім негізінде «Balapan» мен қырғызстандық «Balastan» арналары контент алмасу бағытындағы жұмысты күшейтпек. Айта кетер жайт, биылғы жылдың қазан айынан бастап «Qazaqstan» және «Balapan» Қырғыз республикасының аумағында тарала бастады.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Екі ел арасындағы ерекше достық қарым-қатынастар белгілі. Осының бәрін өскелең ұрпаққа дұрыс жеткізу, дұрыс беру үшін «Balapan» мен «Balastan» телеарналары арасында ортақ анимациялық жобалар жасауға дайындалып жатырмыз. Сонымен қоса мәдени мұраға байланысты документалды циклдар, деректі фильмдер жасауға уағдаластық. Сонымен қатар өте қиын, бірақ өте маңызды іс болашақта біріккен тарихи сериал, не бүгінгі күннің мелодрамасы бола ма, соны қазір талқылап жатырмыз.


Хабарламаларға жазылу