Базалық мөлшерлеме 16,75 %-ға дейін көтеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Базалық мөлшерлеме 16,75 %-ға дейін көтеріледі

05.12.2022

Қаржы жаңалықтарына ойыссақ. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім қабылдады. Банк төрағасы бұл елдегі инфляцияны тежеу үшін жасалғанын айтады. Ол теңгенің құнсыздануын қалай тоқтатпақ?

Базалық мөлшерлеме 2022 жылдың 6 желтоқсанынан бастап 16,75 пайызға дейін көтеріледі. Ұлттық Банк осылайша инфляцияның өсуін тоқтатуды көздеп отыр. Шешім 2025 жылға дейінгі болжамдардың негізінде қабылданған. Ұлттық Банк төрағасы бұл шаралар қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және экономика субъектілерінің жинақтау белсенділігін қолдауға мүмкіндік береді дейді. Дәлел ретінде бірнеше мысал келтірді.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Маусым айынан бастап теңгедегі депозиттердің артуы байқалады. Депозиттердің жалпы көлемі тарихи максимум 30 трлн теңгеге жетті. Депозиттердің долларлануы биылғы жылғы ең жоғары деңгей – ақпандағы 38,4%-дан қазан айының соңында 35,3%-ға дейін төмендеді.

Төрағаның айтуынша, биыл ақша-кредит саясатын қатаңдатуға қарамастан ел экономикасына несие беру көлемі азайған жоқ, керісінше ұлғайып отыр.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Қазан айында экономикаға берілген кредиттер халық пен бизнесті теңгеде кредиттеу есебінен жылдық мәнде 21,5 трлн теңгеге дейін 24,9%-ға өсті, ал биылғы жылдың басынан бастап - 16,1%-ға өсті.

Базалық мөлшерлемені көтеру осы көрсеткіштерді сақтауға және орта мерзімді кезеңде инфляцияны тежеуге мүмкіндік береді. Ұлттық Банк бұдан кейінгі шешімдерін қабылдағанда болжамдардың дәл келуіне мән беретінін атап өтті. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 13 қаңтарда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14:00-де жарияланады.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу