Қазақстан мен Грекия арасында байланыс артады. Бүгін Мемлекет басшысы Астанаға алғаш рет ресми сапармен келген Грекияның Сыртқы істер министрі Николаос Дендиасты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Грекияның Еуро Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы маңызды серіктес елдердің бірі екенін айтты. Екі ел көпжақты алаңдарда тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Өзара ынтымақтық көрсеткіштерін жаңа деңгейге көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Президент.
Қазақстан-Грекия: Арадағы тауар айналымы 28% артты
Грекия – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі. Алыс-беріс, барыс-келіс жанданып келеді. Тауар айналымы биыл 28 пайызға артты. Алматы мен Ираклион арасында тікелей рейс ашылды. Бұл қазақстандықтардың Крит аралында демалуына мүмкіндік беріп отыр. Тараптар бүгін Астана мен Афина арасындағы ынтымақты одан әрі арттыру жолдарын талқылады.
Николаос Дендиас, Грекия республикасының сыртқы істер министрі:
Грекиямен Қазақстан бір-бірінен алыс қашықтықта орналасқан. Бірақ біздің арамыздағы достық қарым-қатынас өте жоғары маңызға ие. Қазақстанда 10 мың грек ұлтының өкілі тұрса, Грекияда мыңдаған қазақстандық тұрады. Бұл біздің берік достығымыздың нәтижесі деп білемін.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
Бүгін біз елдеріміздің сыртқы саяси мекемелері арасында дипломатиялық қызметкерлерді даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Жалпы, келіссөздердің нәтижелері елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты толық ұлғайтып, кеңейтуге деген өзара мүддені растады.
Асима Нұрбайқызы