Солтүстік Қазақстандағы Петерфельд ауылының тұрғындары жаңа су құбырын тартуға қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстандағы Петерфельд ауылының тұрғындары жаңа су құбырын тартуға қарсы

02.12.2022

Солтүстік Қазақстанда екі жыл бұрын су кіргізілген елді мекенге қайтадан құбыр тартылып жатыр. Петерфельд ауылының тұрғындары құбырды өз ақшасына тартқызған. Ал биыл аудан әкімдігі қазынадан 400 млн теңге бөліп, су трассасын салуды бастады. Шенеуніктер жаңа құбырға қосылмаған үйлер тіршілік нәрінен ажыратылатынын да ескерткен. 

Эльмира Кәленова, тілші:

Тартылуы тиіс құбырдың ұзындығы – 14 шақырым. Нысан мамыр айында тапсырылуы тиіс. Уақыт тығыз. Сондықтан сарышұнақ аязда техниканың қатып жатқанына қарамастан жұмыс жалғасуда.

Елді мекендегі су құбырлары 2020 жылы ғана жаңартылған. Бюджеттен бөлінген қаражат жетпегендіктен жұмыс тоқтап қалып, халық жөндеуді өз ақшасына аяқтаған.

Бахтияр Байғожин, ауыл тұрғыны:

Қаражатты жинап, есептеп, сол подрядчиктермен сөйлесіп, суды тартып алдық. Құдықтарын салып. Санузел, су бәрі бар.

Үйге су кіргізу үшін тіпті жарты миллион теңгеге дейін төлегендер бар. Тұрғындардың кейбірі сол мақсатқа деп алған несиесінен де құтылмаған. Енді олар жаңа құбырға қосылу үшін тағы шығындаламыз ба деп ашынып отыр. Сондықтан су желісін жаңалауға қарсы.

Арнайы техника бір аптадан бері көшелерді осылай қазып жатыр. Салдарынан бұрынғы құбырлар жарылып, бірнеше үй сусыз қалған.

Жорабай Абдуллаев, ауыл тұрғыны:

Есіктің алдында трашнея қазып тастады. 3 метр жерді, астынан су шығып жатыр. Міне жолдың тұрысы мынау – өзі гредер жол. Оның бәрін топырағын шашып, быт-шытын шығарды. Мынау үйде тұрамын мен. Осы үйде ертең мен жұмысқа баруым керек. Ана траншея қазып тастады, мен қалай барам, мәшинем шықпайды.

Петропавлдан 15 шақырым қашықта орналасқан Петерфельд ауылында 500-дей шаңырақ түтін түтетіп отыр. Тұрғындардың 90 пайызы сумен қамтылған дейді әкімдік өкілдері

Қуандық Шакубаев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

2020 жылы диаметрі 50 мм құбырлар тартылды. Бұл тұтынушыларды сумен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан биыл жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Үйлерден бөлек, шаруашылықтар да таза сумен қамтылады. Тұрғындар бірнеше рет қарсылық танытып, мәселе көтерді. Оларға жаңа су құбырына қосылу үшін көп қаражат қажет еместігін түсіндірдік.

Ауыл тұрғындары әкімдіктің әрекетін бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану деп есептейді. Көпшілік құбыр ауыстыру жұмыстарын тоқтатуды талап етіп, құзырлы органдарга арыз да жолдаған. Айта кетейік, солтүстік қазақстан облысы бойынша халықтың 26 пайызы тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу