Қызылорда облысы әкімі жұмысын жалғастыра береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысы әкімі жұмысын жалғастыра береді

01.12.2022

Қызылорда облысының әкімі де өз міндетін атқара береді. Осыдан сегіз ай бұрын аймақты басқаруға кіріскен Нұрлыбек Нәлібаев Президент Жарлығымен облыс әкімі лауазымына қайта тағайындалды.

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен арнайы келген Ерлан Қарин жаңа Конституциялық заңға сәйкес өңір басшылығына екі кандидатты ұсынды. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары дауысқа салып, халық қалаулыларының басым бөлігі Нұрлыбек Мәшбекұлын таңдады. Мұнан соң, Ерлан Қарин облыс активінде қайта тағайындалған әкімді ел Президенті атынан сенім білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Білесіздер Шиелі ауданы және Қызылорда қаласы әкімінің қызметтерін абыроймен атқарды. ҚР Премьер-министрі кеңсесінде жауапты жұмыстар істеді. Қызылорда облысының әлеуметтік-экномикалық дамуына жаңа қызметте тың серпін береді деп сенеміз.

Жалпы облыс әкімі болып келгеніне әлі жыл толмаған Нұрлыбек Нәлібаев аз уақытта аймақтың әлеуметтік-экномикалық әлеуетін көтеруде оң өзгерістерге қол жеткізді. Облысқа тартылған инвестиция көлемі еселеп ұлғайып, республикада алдыңғы үштікке енді. Бюджеттен тыс көздерден 9 миллиард теңгеге оннан аса әлеуметтік, мәдени-спорттық нысанның құрылысы басталды. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстар жалғасын таба бермек.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Әрі қарай да ел дамуы жолында аянбай қызмет ететін боламыз. «Әділетті Қазақстанды» бірге құру жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халық алдында қызмет ету азаматтық парызым және борышым деп білемін.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген. Бүгінде тұрғындардың әл-ауқаты мен тұрмыстық деңгейін көтеру басты міндет. Аймақтағы ілкімді жобалар жүзеге асса, мыңдаған жұмыс орындары құрылып, түйткүлді мәселелердің түйіні шешілмек.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу