Еуропада қазақстандық суретшінің көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада қазақстандық суретшінің көрмесі өтті

28.11.2022

Еліміздің осы антиядорлық саясатын шығармашылық адамдары да насихаттап жүр. Қазақстандық суретші, антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтің суреттері Еуропа жұртшылығына ұсынылды. Ерекше талант иесінің Брюссельдегі көрмесін Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі ұйымдастырған. Кәріпбек - Семей полигонынан жүз шақырымдай жерде орналасқан Егіндібұлақ ауылында екі қолсыз дүниеге келген. Өз туындыларын тісімен, кейде аяғының башпайларымен салады. Суреттері арқылы аждаһа қарудан азат болуға шақырады.

Кәріпбек Күйіков, суретші, Антиядролық қозғалыстың белсендісі:

Қазіргі уақытта ядролық қару, ядролық сынақ мәселесі өте өзекті. Есі дұрыс адам бұл проблемаға бей-жай қарамауы керек. Семей полигонынының зардабын көрсету арқылы адамзатқа ой салғым келеді. Болашақ ұрпақ бейбіт, қамсыз өмір сүруі үшін біз қол қусырып отырмай, әрекет етуіміз керек.

Элиз Малинэ, Брюссель қаласының тұрғыны:

Керемет көрме. Адамзатқа ядролық сынақтың зардабы қандай болатынын көрсетіп тұр.Қазір жаһан елдері ядролық қаруды қолданамыз деп бір-біріне ашық сес көрсетіп,оны саясаттың құралына айналдырды. Ядролық қаруға қарсы әлем халқы күш біріктіруі керек.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу