Екібастұзда жылу электр орталығында болған апаттан кейін Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Онда «Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр»-деп жазылған.
Айтуынша, Екібастұзда жылу берудің тоқтап қалғанына Президент алаңдаушылық білдіріп отыр. Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқығын аяқасты етуге жол беруге болмайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіріп, апатқа жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді» - делінген хабарламада.
Досжан Маратұлы