Шетелде сайлауға студенттер белсенді қатысып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелде сайлауға студенттер белсенді қатысып жатыр

20.11.2022

Шетелге ойыссақ. Ұлыбританияда қазір түскі уақыт. Дауыс берушілер елшілік жанындағы сайлау учаскесіне көптеп келе бастады дейді, Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова.

Гео: Ұлыбритания, Лондон

Астана мен Лондон арасындағы 6 сағатттық уақыт айырмашылығына байланысты Тұманды Альбиондағы сайлау Қазақстанға қарағанда кешірек басталып, кеш аяқталады. Саяси науқанның мәре сызығына жетуіне әлі 7 сағаттай уақыт бар. Дауыс берушілер қатарында туристер де кездеседі. Өйткені Тұманды Альбионда саяхаттап жүрген отандастарымыз азаматтық борыштарына жауапкершілікпен қарап, сайлау учаскесіне ат басын бұруды өздеріне міндет деп біледі. Бұдан бөлек іссапарда жүрген отандастарымыз да Қазақстанға қарай ұшатын уақыты жақындап қалғанына қарамастан дауыс беруге келді.

Нұрхат Жәкиев, Қазақстан азаматы:
Эдинбургқа арнай жоба бойынша іс-сапарға келген болатынбыз. Енді азаматтық борышымыз ретінде, Қазақстан Республикасы патриоттары ретінде өзіміздің дауыс беру мүмкіндігімізді, құқымызды өтейік деп осы елшілікке келіп отырмыз.

Студенттер қауымы да белсенділік танытуда. Тек «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білім алып жатқан жастардың саны жүзден асады. Көпшілігі басқа қалада тұрса да, Лондонға арнайы келіп, дауыс беріп жатыр. Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Дауыс беру жәшігі жанында фотоға түсіп, күнде көре бермейтін отандастарымен қауышып, қуанып жатыр. Мен енді Түркиядағы сайлау барысын білу үшін әріптесім Айдос Әшімұлына сөз кезегін берем.

Гео: Түркия

Айдос Әшімұлы, тілші:
Біз тұрған Ыстамбұл қаласындағы №255 сайлау учаскесінде дауыс берушілер легі қазір шамалы саябырсыды. Осында тіркелген 300-ден аса азаматтың басым бөлігі түске дейін таңдауларын жасап үлгерді.

АҚШ-та көпшілігі маңызды саяси шараға отбасыларымен, кішкентай балаларын да ертіп келіп жатыр. Шет мемлекетте жүрсе де конституциялық құқығын пайдаланып, азаматтық ұстанымын білдіруге келгендердің арасында алғаш рет дауыс берген жастардың қарасы көп. Солардың бірі Әли Қанат, Бурса қаласында оқиды.

Әли Қанат, Бурса университетінің студенті:
Бірінші рет дауыс беріп тұрмын. Болашақ біздің яғни жастардың қолында болған соң, даусымызды да жақсы жаққа беру керек. Біз де еліміздің намысын жерге таптамай дұрыстап оқуымыз керек деп ойлаймын. Қазақстанның көркейіп, дамыған мемлекет болуына үлесімді қосам.

Түркияда дауыс беру учаскелерінің жабылуына әлі бірнеше сағат бар. Біз тұрған Ыстамбұл қаласындағы №255 сайлау учаскесіне көршілес Бурса, Сакария қалаларынан да еліміздің азаматтары келіп жатыр. Одан бөлек Анкара мен Анталия қалаларында орналасқан сайлау учаскелерінде де Түркияның өзге қалаларында тұратын отандастарымыз дауыс беруде. Ал Түркиядағы үш сайлау учаскесінде де осы сағатқа дейін ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген. 


Хабарламаларға жазылу