Жамбыл облысында жалғыз Мойынқұм ауданы газсыз отыр. Мұндағы 24 елдімекенді табиғи отынмен қамтамасыз ету үшін 20 миллиард теңге қажет. Алайда, қаржат тапшы. Оның үстіне ауылға газ тартамыз деген әкімдер қызметінде тұрақтамай, істі аяқсыз қалдырды дейді үміті үзілген тұрғындар.
Әжікүл Тұрмағамбетова Мойынқұм ауданында туып өскен. Зейнет жасындағы қарияның күнделікті күйбең тіршілігі - от жағудан басталады. Көз ашқалы көмір тасып келеміз деп кеиді кейуана.
Әжікүл Тұрмағамбетова, аудан тұрғыны:
«Кейде боранда оянып, кәдімгі бесіктегі балаға оянғандай оянамыз. Сөйтіп суып қалмаса екен деп, қайта тұрып от жағамыз. Оның өзінде пешке иіс тиіп қалмаса дейміз, оны тазалатамыз. Бәрі біраз тіршілік, біраз жұмыс.
Мойынқұм Жамбыл облысының ең шалғай ауданы болғандықтан мұнда көмір жеткізу де қиын. Жол-пұлын есептегенде бағасы да шарықтап кетеді. Сондықтан қара отынның тоннасы кейде 30-мың теңгеден асып жығылады. Бір қыста бір отбасы кемі 150 мың теңгеге көмір сатып алады.
Гүлнұр Ботпаева, аудан тұрғыны:
«Мен мысалы 5 тонна көмір алам. Бір жылда. 5 тонна көмірің 20 мың теңгеден 100 мың болады. Бір телешке отын аламыз, оның бағасы 45 мың. Сонда 150 мың кетеді ғой. Ол жетсе, жетпесе тағы аламыз».
Мойынқұм ауданында 24 елдімекен, 22 мыңнан аса халық тұрады. Жергілікті биліктің айтуынша 13 ауылды газдандыруға, яғни сметалық құжатына 43 миллион теңге қаржы бөлінген. Жобалау жұмыстары аяқталмай, құбыр тартылмайды.
Әлихан Балқыбеков, Мойынқұм ауданының әкімі:
«Жалпы 43,2 миллионға газ жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жылға 5 миллион, келесі жылға 38 миллион қойылған болатын. Бірақ біз қазіргі уақытта 90 пайыздан астам жұмыстарды аяқтадық. Келесі жылы сұраныс бере аламыз газ тарту жөнінде.
Көгілдір отын көмірден арзан. Сондықтан шалғайдағы ауыл тұрғындары қалтаға түскен салмақтан, қысты күнгі машақаттан құтылатын күнді асыға күтіп жүр.
Нұрдос Болатұлы