Осы жексенбіде маңызды саяси науқан Президент сайлауы өтеді. Басты саяси дода жақындаған сайын кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Үміткерлер мен олардың сенімді өкілдері сайлаушылармен кездесіп, дауыс беруге шақырып жүр.
Қ.Тоқаевтың штаб өкілдері Түркістан өңіріне барды
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Түркістан жұртшылығымен кездесіп, өңірлерді дамыту мен ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуды талқылады. Ал жылыжай жұмысшыларымен кездесуде ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру шаралары сөз болды. Мұз сарайын салып жатқан 100-ден астам құрылысшымен кездесу кезінде еңбек адамын қолдау жөніндегі мәселелер айтылды. Ал Шымкентте ғалымдармен және өнертапқыштармен кездесу өтіп, ғылымды дамыту мәселесі қозғалды. Сондай-ақ, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы кәсіпорындарының қызметкерлерімен шағын және орта бизнесті қолдау талқыланды.
Елнұр Бейсенбаев, Республикалық қоғамдық штаб мүшесі:
Сайлауға бірнеше күн қалды. Оңтүстік өңірдің тұрғындары әрқашан айрықша саяси мәдениетімен ерекшеленді.
М.Қажыкен Тараздық сайлаушылармен кездесті
Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен Тараз қаласына барды. Жамбыл политехникалық колледжінің студенттерімен кездесті. Жастар елдегі және әлемдегі жағдайлар туралы сұрады. Жиында елдің қорғаныс жағдайы, IT-саласының дамуы, жұмыссыздық, инфляция мен жастар саясаты мәселелері қозғалды. Бұдан соң, қаладағы сүт зауытында кездесу өтті. Кәсіпорында тәулігіне 80 тоннадан астам сүт өңделеді.
Мейрам Қажыкен, Президенттікке кандидат:
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу. Осы салада мәселелер бар екен. Кредит, экспорттау. Солардың бәрін талқыладық, ортаға салдық.
Қ.Әбден Түркістандық мұғалімдермен кездесті
Президенттікке кандидат Қарақат Әбден Түркістандық мұғалімдермен кездесті. Жиында сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарына тоқталды. Ұстаздар қауымы кандидатқа өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Педагог мәртебесі, мұғалімдердің жүктемесі мен еңбекақысы секілді мәселелер талқыланды. Ел болашағы - жастарды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындату қоғам мен мемлекет дамуындағы қастерлі іс екені айтылды. Қарақат Әбден осы күнге дейін 10 облыстың 15 қаласы мен бірқатар ауыл халқымен жолықты. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, жастар тәрбиесі, отбасы институтын нығайту мен қоғамдағы бірқатар мәселе төңірегінде пікір алмасып, ой бөлісті. Жалпы үгіт-насихат кезінде 40-қа жуық іс-шара өткізу жоспарланған.
Ж.Дайрабаев Оралдық сайлаушылармен кездесті
Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев пен оның партияластары Батыс Қазақстан облысына барды. «Ауыл» партиясының өкілдері алдымен Орал іргесіндегі құс фабрикасында кездесу өткізді. Кәсіпорында 200-ден астам адам жұмыс істейді. Жылына 8,5 мың тонна өнім өндіреді. Саяси бірлестік мүшелері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университет ұжымымен де жүздесті. Сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Анас Баққожаев, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:
Қаланың өзінде тұрған осы кәсіпорын талай ауылдардағы шикізат орындарын ашуға сеп болады. Аграрлық университет ұжымымен кездестік. Жұмыс табу қазір өте қиын. Мысалы қалаға келген жастар жұмыс таба алмайды.
Н.Әуесбаев аймақтардан келген сайлаушылармен кездесті
Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаевтың үгіт-насихат жұмыстары Астанада жалғасты. Кездесуге елорда тұрғындары ғана емес елдің бірнеше аймағынан келген азаматтар да қатысты. Оппозициялық партия өкілі әуелі сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Артынша, жиналғандардың мәселесіне құлақ түріп, сұрақтарына жауап берді. Жиында – баспана бағасы, ауыл шаруашылығының жайы көтерілді. Балалары үш ауысымдық мектепте оқитын ата-аналар да шағымын жеткізді.
Нұрлан Әуесбаев, Президенттікке кандидат:
Бұл кездесуге облыстың түкпір-түкпірінен шаруалар келген. Олар өз мәселелерін айтып жатыр. Өз шағым-өтініштерін айтып жатыр. Олардың бәрін қабылдап, біз тиісті жауабымызды беріп жатырмыз.
С.Тұрсынбекова Өскеменге барды
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға түсіп жатқан Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихат науқанын еліміздің шығысында жалғастырды. Өскемендік экологтармен кездесуде қаланың ауасын тазарту мәселесі көтерілді. Сосын арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында кездесу өтті. Кандидат қарттармен тілдесіп, алдағы саяси науқанның маңыздылығын түсіндірді.
Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:
Қазақстандағы ауасы ең лас 9 қаланың үшеуі еліміздің шығысында орналасқан. Олар: Өскемен, Риддер және Зырян қаласы. Оған басты себеп жүздеген кәсіпорындардың қалдықтары. Соның салдарынан бұл аймақ ауасы ең лас 5 өңірдің қатарына кіреді.