Ауыл әкімдерінің сайлауы: Сайлауалды үгіт-насихат басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл әкімдерінің сайлауы: Сайлауалды үгіт-насихат басталады

14.07.2021

Уақыт жақындаған сайын аймақтарда ауыл әкімдерінің сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр. Қазір сайлау заңы бойынша үміткерлер тіркеліп, кейбірі үгіт-насихат жұмыстарына кірісуге әзір. Өңірлердегі ахуалды тілшіміз тарқатады.

Атырау облысында ауыл әкімі болуға 73 азамат үмітті. Оның ішіндегі 39-ы саяси партиялардан, 34-і өзін-өзі ұсынғандар. Әзірге кандидаттардың 66-сы тіркелген. Биыл ауылдық округ әкімі болуға ниеттілердің қатарында 19 қыз-келіншек бар. Оларды 44300 сайлаушы таңдайды. Қазір болашақ ауыл басшыларының еңбек өтілі мен білімі және қызметке қандай да бір заңды тұрғыда кедергі бар жоғы қаралуда. Айта кетейік, мұнайлы өлкеде 36 учаскелік сайлау комиссиясы науқанды ұйымдастырады.

Азамат Айманақұмов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
Қазіргі уақытта ауылдық округ әкімдерінің ішінен 8 кандидат ұсынылып отыр. Орташа бәсекелестік 4 адамды құрайды. Кандидаттардың ішінде мамандықтары бойынша, мұғалімдер, заңгерлер, инженерлер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары және тағы басқа мамандық иелері бар. Кандидаттардың 27-сі өздері ұсынған ауылдық округте тұрады. 42 кандидат ауданда, 4 кандидат облыстың аумағында тұрады.

Ал, Ақмола облысында 95 елді мекеннің әкімі таңдалады. Саяси додаға қазір әкім қызметін атқарып отырған 53 адам қатыспақ. Олар осы лауазымда қалудан үмітті. Ал, жалпы, 318 үміткер өтініш берген. Олардың 100-і саяси партиялардан болса, қалғандары өзін-өзі ұсынған. Үміткерлердің орта жасы - 41. Ең жасы - 25-те, үлкені - 63-те.

Манарбек Сәдуов, Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
Облыста 2-ден кем кандидат тіркелген округ жоқ. Заң бойынша жоқ дегенде екі үміткер болу керек. Бізде кемінде 3 адамнан. Бәсекелестіктің орташа көрсеткіші бір орынға 3,3 кандидаттан. Ең көбі 5 үміткер тіркелді. Кандидаттардың барлығы арнайы тексерістен өтті. Заң бойынша талаптарға сай келетіндері ғана тіркелді.

Облыста он ауылдық округте сайлауға саяси партия өкілдері қатыспайды, кандидаттардың барлығы өзін-өзі ұсынған. Ал, бүгін кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары басталады. Үміткерлерге тең жағдай қарастырылады,-дейді комиссия мүшелері.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу