2026 жылға дейін білім беру саласы түгел цифрланады. Бүгін Үкімет отырысында білім беруді дамытудың алдағы 4 жылға арналған тұжырымдамасы бекіді.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Тұжырымдама 6 бағыт бойынша әзірленген. Балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізіледі. Балабақша бағдарламасы, оқыту әдістері түгел өзгереді. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, бүлдіршіндерді ойын арқылы оқыту әдістері енгізілмек. Бұдан былай әр ұстаздың, әр оқушының жеке цифрлы портфолиосы енгізіледі. Онда мұғалімдердің еңбек жолы, ал балалардың балабақшадан бастап, мектеп бітіргенге дейінгі жеке мәліметтері жазылады. Бір сөзбен айтқанда цифрлық ізі қалыптасады. Сондай-ақ аттестаттар мен дипломдар да QR-код арқылы цифрлы форматта беріледі. Концепцияға сәйкес алдағы 4 жылда оқулықтар түгелімен электронды форматқа ауысады. Осылайша балалардың бас-басына бір-бір планшет берілуі мүмкін.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Планшетті әлде басқа да құрылғыларды егер бала қолданбаймын десе, ешкім ешкімге оны мәжбүрлеп жатқан жоқ. Ол тек мүмкіндік. Ол ертең мектепке барып мұғалім сабақ бермей, сабақ басқаша өтеді дегенді білдірмейді, солай ғой? Сондықтан мұғалім кәдімгідей сабағын өткізеді, бірақ бұл қосымша құрылғы.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Жоғары білім саласы бойынша ҰБТ-ға талапкердің оқу жетістіктері мен әлеуметтік жағдайын ескеретін тетіктер енгізілмек. Одан бөлек, жаңа мамандықтар атласы әзірленіп жатыр.
Раушан Сайлауқызы