Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының президенті Юн Сок Ëльге көңіл айту жеделхатын жолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының президенті Юн Сок Ëльге көңіл айту жеделхатын жолдады

30.10.2022

Алдымен Оңтүстік Кореядағы оқыс оқиғаға тоқталайық. Сеулде Хэллоуинді мерекелеуге жиылған жұрт сығылысып қалып, 151 адам қаза болды. Жүзге жуық адам түрлі жарақат алған.

Қаза тапқандардың 19-ы шет ел азаматы. Оның ішінде 1996 жылғы Қазақстан азаматы да бар. Мұны Сыртқы істер министрлігі хабарлады.Таратылған ақпаратта «Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста, құжаттарды рәсімдеу мен мәйітті елге жеткізу бойынша қажетті көмек көрсетіп жатыр» деп жазылған. Марқұм қыз Кореяның жоғары оқу орындарының бірінде оқыған. Ақтөбе облысының тумасы.

Хэллоуинді тойлау үшін сенбінің кешінде Оңтүстік Корея астанасының орталығындағы Гамильтон қонақ үйінің маңындағы тар көшеге шамамен 100 мың адам жиылыпты. Басым бөлігі 20-25 жастағы адамдар. Коронавирус пандемиясы белең алғалы алғаш рет Хэллоуинді мерекелеуге осынша көп халық жиналған. Жұрт сығылысып, бірін-бірі таптап кетуіне не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Қайғылы оқиғаға байланысты бүгін Оңтүстік Кореяда Ұлттық аза тұту күні жарияланды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының президенті Юн Сок Ëльге көңіл айту жеделхатын жолдады. «Сеул қаласының Итэвон ауданында көптеген адамның қаза тапқаны жөніндегі суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қайтыс болғандардың жақындары мен туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Ал жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай ауыр сәтте еліміздің азаматтары және өзім Корея халқының орны толмас қайғысын бөлісіп, олармен бірге екенімізді айтқым келеді» деп жазылған жеделхатта.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу