Астанада ат спортының конкур түрінен ашық біріншілік өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада ат спортының конкур түрінен ашық біріншілік өтті

27.10.2022

Астанада Республика күніне орай ат спортының конкур түрінен ашық біріншілік өтті. Жарысқа Қарағанды, Алматы, Ақмола облыстары мен Астанадан келген төрт команда қатысты.

50-ге жуық шабандоз ат үстінде биіктіктегі кедергілерді еңсеру арқылы бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды «Күрең» атты сәйгүлігімен Лаура Алдабергенова алса, екінші орынды «Гайсақ» атты тұлпарымен Дарина Дүржібаева иеленді. Ал бас жүлдені Амира Қабжанова «Шах» есімді сәйгүлігімен еншіледі. Жарыс жаңадан ашылған «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінде өтті. Мұнда бұл спорт түрімен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Еркеғали Кәрбозов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

Қазақстанда теңдесі жоқ жабық манеж. Алғашқы стандарттарға сай. 600 көрермендік орны бар жарыс өткізетін алаңы, жаттығу жасайтын қосымша алаңы және 52 атқа арналған атқорасы бар.

Сыр өңірінде ұлттық мерекеге орай велошабандоздар жарыс жолына шықты. Сайысқа елуден аса қала жастары қатысып, 20 шақырымдық қашықтықты бағындырды. 

Ауа райы жаңбырлы болғанына қарамастан спорттық шараға қатысушылар белсенділік танытып, мерекелік көңіл-күй сезілді. Сайыс ұлдар және қыздар арасында өрбіді. Велосипед тізгіндеген жастар шаһардың сол жағалауындағы айналма жолмен жүріп өтті. Нәтижесінде, жігіттер бәсекесінде Асылхан Тұрар мәре сызығын бірінші кессе, бұрымдылардан Әлия Өтеген жеңімпаз атанды.

 Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу