Президент Республика күніне орай азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Республика күніне орай азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады

22.10.2022

«Еліміз тәуелсіздікті оңайлықпен алған жоқ». Бүгін мемлекет басшысы Ақордада бір топ азаматты марапаттау салтанатында осылай деді. Тарихи күннің маңызына тоқталды. Ал құрметке бөленгендердің ішінде қарапайым шаруадан бастап, қатардағы еңбек адамдары да бар.

Ел дамуына үлес қосқандар жылда Тәуелсіздік күні марапатталатын. Биыл сала саңылақтары Ақордаға Республика күні қарсаңында шақыртылды. Сондықтан әдетте шетел делегаттарын ресми қарсы алатын залда бүгін мерекелік көңіл-күй.

Президент мемлекеттік наградалармен марапаттамас бұрын халықты мерекемен құттықтады. Тарихи күннің маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат.

Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асты. Көк туымыз бен паспортымызды әлем таниды. Бірақ кейде «Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады» деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес деген Президент соған жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары және зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді.

Бұдан соң мемлекет басшысы ордендер мен медальдар үлестірді. Биыл еліміздің ең жоғарғы «Халық қаһарманы» атағы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қайырбек Сүлейменовке берілді. Ол ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында қалтқысыз қызмет етті, қазір де қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге атсалысып жүр деді Президент.

Ал «Еңбек Ері» атағы екі азаматқа бұйырды. Бірі агрохолдингтің бас директоры Владимир Розметов, екіншісі көрнекті қаламгер Дулат Исабеков. Сексеннің сеңгіріне шыққан жазушы Республика мен Тәуелсіздік күндерінің аражігін ажыратқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтты.

Дулат Исабеков, жазушы:

Баяғы 80 жылдың қасіретті күнін қасиетті күнге айналдыру, сіздің қолыңыздан келді. Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген нәрсе еді. Ана жақта алаңда гүл қойып, қасірет шегіп жатамыз, ал мына жақта Ақордада бұрыннан бастап тойлап жатамыз сол күнді. Міне осы екеуінің шекарасын бөліп тастағаныңыз көптің көкейінде жүрген бір арман еді.

Биыл жазда ел руханиятында өшпес із қалдырған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген. Әнұранның авторына арналған марапат бүгін оның ұлы Мұхтар Қалдаяқовқа тапсырылды.

Мұхтар Қалдаяқов, Ш.Қалдаяқовтың ұлы:

Республика күніміз құтты болсын. Халқымызда тек аманшылық, бейбітшілік болсын, байлық болсын.

Бұдан соң «Отан», «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері тапсырылды. Оны өнер қайраткері Гүлжаһан Әспетова, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, заңгер Серік Ақылбай, экономист Жақсылық Құлекеев пен депутат Геннадий Шиповских алды.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Өзіңіз білетіндей қазақта үш деген де киелі болып саналады. Үш бар жерде күш бар дейді қазақ. Ал мен бүгін 33-ке толып жатырмын. Бүгін менің туған күнім. Сондықтан туған күнімде өзіңіздің қолыңыздан осындай марапат алу мен үшін үлкен мәртебе әрі құрмет.

Марапат алғандардың арасында бейбіт күннің батырлары да бар. Бірі әйелді өлімнен арашалап қалған Райымбек Медетбек, екіншісі терезеден құлауға шақ қалған сәбиді құтқарған Сәбит Шонтақбаев. Бұл екеуі «Ерен ерлігі үшін» медалін алды. Тіпті марапатталғандардың арасында шаруа, слесарь, токарь секілді еңбек адамдары көп. Солардың бірі Мұханбек Әйтенов. Әулетімен металургтер. Отбасылық еңбек өтілі 442 жыл.

Мұханбет Әйтенов, Еңбек ардагері:

Інілерім де істеді. Қарындастарым, келінім. Енді қазір немерелер, шөберелер істеп жатыр. Сол зауытта.

Нұржан Үсен, шаруа:

Осыны енді ауданға барып айтып жеткіземіз. Осындай Ақордада болдық деп. Осындай біздің патшамыздың қолымен ұстасып дегендей. Осындай марапат алғаным үшін шексіз қуаныштымын, алғысым шексіз.

Өнер саласының өкілдері де марапаттан құр қалған жоқ.

Әйгерім Алтынбек, опера әншісі:

Бүгін Италияға оқуға кету керек болатынмын. Алайда марапатқа байланысты міне бүгін Ақордада тұрған жайым бар. Мен үшін үлкен қуаныш. Күтпеген жағдай. 

Сондай-ақ бір топ азамат Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Оған ақын Ғалым Жайлыбай, танымал қаламгерлер Кәдірбек Сегізбай мен Тұрысбек Сәукетаев, дарынды опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай, белгілі актер, режиссер Нұрқанат Жақыпбай, суретші-мүсінші Сембіғали Смағұлов және күйші-композитор Секен Тұрысбек ие болды.

Досжан Маратұлы, тілші:

Осылайша мемлекет басшысының жарлығымен ел бойынша жүздеген адам түрлі орден, төс белгімен марапатталды. Оның 81-іне ғана сыйлықты Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алу құрметі бұйырды. Президент резиденциясынан бақыттан басы айналып шыққан олардың қуанышында шек жоқ. Ал ұлық мерекеге орай ел азаматтыр үш күн демалады.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу