«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаттары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаттары марапатталды

21.10.2022

Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен үздік деп танылған әулеттер Астана төріне жиналды. Қазақстан концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Биылғы ұлттық шараға 2500-ден астам отбасы қатысса, 20 шаңырақ үздік деп танылды. 

Байқауға қатысқан әрбір әулет жеңімпаз. Себебі бұл отбасылардан алар үлгі-өнеге көп. Іріктеуден өтіп, байқауға жолдама алғандар арасында еңбек династиясы, шығармашыл отбасылар, ұстаздар, патронаттық отбасылар, кәсіпкерлер тіпті волонтерлар әулеттері де бар. Мәселең, атасынан мирас болып қалған кәсіпті Бақыт Кішкенебаев жалғаса, бүгін оның жолын немерелері басып келеді.

Бақыт Кішкенебаев, Алматы қаласының тұрғыны:
Балаларым құрылыс инженері, қазір Алматыда үлкен ірі жобалар жасап жатыр. Бүкіл Қазақстан бойынша май құю станцияларын жасайды. Енді мен балаларды тәрбиелеу үшін отбасылық конституция жасағанмын, сол арқылы тәрбиелеп, жақсы жұмыс істеп, балалар оқып, бәрі білім алып, қазір 22 немерем бар.

Жеңімпаздар мен лауреаттарды арнайы комиссия саралап әр аймақтан 2 үздік отбасын анықтады. Жалпы республика бойынша 20 отбасы іріктеліп, бүгінгі шараға қатысты. Мерекелік кеште бұл отбасылардың барлығы марапатталды.

Таңшолпан Ерманова, Жастар және отбасы істері комитетінің өкілі:
Былтырғы жылы мерейлі отбасы ұлттық конкурсының ережелеріне өзгеріс енгізілді. 2014 жыл мен 2019 жыл аралығында бір ғана жеңімпаз болса, қазір барлық әр өңірден шыққан отбасылар жеңімпаз болып танылды.

Байқауға қатысуға еліміз бойынша 2542 отбасы өтініш берген. Оның 900-і қалалық, 1600-ден астамы ауылды жерден қатысқан. Ең көп өтініш Алматы мен Жамбыл облыстарынан түскен. Жалпы осы уақыттан бері байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу