Батаменен ел көгерер. Президенттікке кандидат Қарақат Әбден үгіт-насихат жұмыстары алдында үлкендерден бата алды. Жастайынан қазақы болмыс пен ұлттық нақышқа ерекше ден қойған ол ең әуелі ата-анасының шаңырағына ат басын бұрды.
Бата - адал ниет, шынайы тілек білдіру дәстүрі. Сәтті жұмыстың бастауы. Президенттікке үміткер Қарақат Жақсылыққызы осылай дейді. Үлкендердің ақ тілеуінен кейін кандидат сайлауалды бағдаралмасын таныстыру мақсатында аймақтарды аралап, жұртшылықпен кездесуін бастайды.
Қарақат Әбден, Президенттікке үміткер:
Үлкеннің ішінде әке-шешеге деген құрмет бөлек. Қазақ ешқашан үлкен істі қариялардың батасынсыз бастамаған. Үйге келіп, үлкендердің батасын алуды жөн көрдім.
Бүгін үміткердің орталық сайлауалды штабы өз жұмысын бастады. Алғашқы отырыс өтті. Штаб өкілдері материалдық-техникалық база толықтай жасақталған дейді.
Берік Төребеков, Үміткердің орталық сайлауалды штабы басшысының орынбасары:
Тиісті тапсырмалар беріліп, дайындық бойынша пысықтаулар өткізілді. Айта кетейін 20 өңірімізде, 20 штабымыз толықтай жұмысқа дайын.
Дарын Сағитов