Мейрам Қажыкен медицина қызметкерлерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мейрам Қажыкен медицина қызметкерлерімен кездесті

08.11.2022

Ел президенттігіне кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір жер-жердегі штаб өкілдері сайлаушылармен кездесіп, кандидаттар да ел аралап жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев штабының мүшелері Солтүстік Қазақстанда

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев штабының өкілдері Солтүстік Қазақстанда шаруалармен және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Саланы дамыту жайын талқылап, кандидаттың сайлауалды бағдарламасына тоқталды. Бескөл ауылының жұртымен жолығып, өңір инфрақұрылымын дамыту жайын сөз етті. Әрі Петропавлдағы Қозыбаев университетінің жастарымен және С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жергілікті сарапшылармен жүздесті. Азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайын талқылады.

Мәулен Әшімбаев, Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы:

Осы үш жарым жылдың ішінде пандемия болды, қасіретті Қаңтар оқиғасы болып, ол бәріміз үшін қайғылы жағдай болды. Украинадағы жағдайды да көріп отырсыздар. Осындай сын сағаты кезінде ең бастысы еліміздегі тұрақтылықты сақтап, тәуелсіздігімізді күшейтіп, осы қиындықтарды еңсеріп келеміз. Және үлкен жетістіктерге де жеңістерге қадам басып жатырмыз десек артық айтқан болмайды.

Мейрам Қажыкеннің Ақтөбедегі үгіт насихат жұмыстары М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде жалғасты

Кандидат Мейрам Қажыкеннің Ақтөбедегі үгіт насихат жұмыстары Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде жалғасты. Онда профессор-оқытушылар, студенттер және кәсіподақ өкілдерімен кездесу болды. Кандидат өзінің бағдарламасына тоқталып, түрлі сауалдарға жауап берді. Әрі жиын барысында сайлаушылар тарапынан түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері көтерілді. Мейрам Қажыкен сапар соңында штаб отырысын өткізді. Сенімді өкілдер өңірдегі үгіт-насихат жұмыстары жайлы баяндады. Алдағы жоспарлар да пысықталды.

Мейрам Қажыкен, президенттікке кандидат:

Штаб өкілдері аудандарға барып, халықтың алдында бағдарламамды таныстырып, насихат, үгітін жалғастырады. Келесі өңір Маңғыстау өңірі. Екі күн боламын Ақтауда. Ол жақтада бес-алты кездесулер өтеді. Жаңаөзенге барамын жоспар бойынша.

Қарақат Әбден Қызылорда облысындағы штаб жұмысымен танысты

Қарақат Әбденнің сыр өңірі – Қызылорда облысы жұртшылығымен кездесулері басталды. Президенттікке кандидат алдымен аймақтағы штабқа ат басын бұрды. Атқарылған жұмыстармен танысып, өкілдерге бірқатар тапсырма берді. Қазір штабта 5 адам жұмыс істейді. Материалдық-техникалық база толық жасақталған. Облыс бойынша 100-ге жуық волонтер тартылған. Өңірге республикалық штаб басшысы да барды. Ол волонтерлермен бірге пәтерлерді аралап, қалалықтармен кездесті. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасын таныстырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға ақпарат парақтарын таратты.

Маржан Бисенова, облыстық штаб жетекшісі:

Штаб жұмысын кестеге сай жасауда. Қызылорда облысы бойынша аудандар волонтерлармен қамтамасыз етілген. Күнделікті облыс бойынша, қала бойынша әлеуметтік сұрақтар түсуде. 5-6 сұрақтан қарастырып, жауап берілуде халыққа.

Жигули Дайрабаев Семей тұрғындарымен кездесті

Абай облысында пайдаланылмай жатқан 300 мың га жердің 70 мыңы мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы мәслихат депутаты әрі өңірлік штаб басшысы Серік Байғалиев Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаевтың облысқа жасаған сапары кезінде айтты. Үміткер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Семей қаласындағы Абай атындағы кітапханада халықпен кездесу өткізді. Сондай-ақ Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов ескерткіштеріне және «Өлімнен де күшті» атты монументке гүл қойды. Қала іргесіндегі кәсіпорындарға барып, жергілікті шаруалардың жағдайымен танысты.

Серік Байғалиев, өңірлік штаб басшысы:

Біз өте көп үгіт-насихат жұмыстарын жасадық. Біздің өкілдеріміз бен белсенділер қала мен аудандарға шықты. Абай облысы бойынша ең басты агро мәселелер, көбі малмен айналысады. Малдан басқа көп кісі егін егеді. Бізде жылыжай бизнесі бар. Ауданда гүл мен құлпынай өсіреді.

Нұрлан Әуесбаев жастармен кездесті

Оппозициялық партиядан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаевтың Орал қаласындағы үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Кездесуге келгендердің басым бөлігі жастар. Арасында оқу бітірген азаматтар мен студенттер де бар. Олар қыз-жігіттерді жатақхана және жұмыспен қамту жайын көтерді. Ал тұрғындар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалатын жағдайдың нашар екенін айтты. Жиынға байқаушылар да қатысып, науқанға дайындық жайын сұрады. Әрі кандидаттың сайлауалды бағдарламасы талқыланып, түрлі сұрақтар қойылды.

Нұрлан Әуесбаев, президенттікке кандидат:

Инвалидтерге, басқа әлеуметтік аз қамтамасыз етілгендерге баса назар аудармайды деген сияқты көптеген әлеуметтік мәселелердің бәрі қамтылып өтті. Мен мүмкіндігінше барлық мәселелер бойынша жауап бердік. Өте көп шаралар өткіздік енді қазір шамамен 30-35-тей шара өтті. Біздің негізгі мәселеміздің көбісін еңсердік. Тағы алда біраз істер бар.

Салтанат Тұрсынбекова дәрігерлермен кездесті

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихат науқанымен Қостанайға барды. Қаладағы №4 емханаға соғып, медициналық мекеменің жай-күйімен танысты. Емделушілермен тілдесіп, шағымдарын тыңдады. Сондай-ақ, емхана қызметкерлерімен кездесу өткізіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер жөнінде пікір алмасты. Жалпы бұл емхана 80 мың адамды қабылдай алады. Қазір 70 мыңға жуық тұрғын тіркелген.

Салтанат Тұрсынбекова, президенттікке кандидат:

Әуежайдан бірден төртінші поликлиникаға келіп отырмыз. Неге десеңіздер бұл жерде ең бірінші халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын білгіміз келді. Халықтың қандай мұңы бар, қандай бізге айтар ескертулері бар.

Досжан Маратұы


Хабарламаларға жазылу