«Мұқалмас» қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Нұржан Әлтаевтың сәйкестігін анықтау рәсімі уақытша тоқталды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. Себеп: сот арқылы бірлестік Әлтаевты үміткер ретінде жарамсыз деп тануды талап еткен. Бұдан бөлек, әзірге Халықтың коалиция атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев қана үміткер ретінде тіркелді. Сонымен, қанша кандидат талапқа сай болып, қол жинауға кірісті?
Асылбек Данияр, тілші:
Орталық сайлау комиссиясына алғаш болып презденттікке үміткер Қасым-Жомарат Тоқаевтың кандидатурасы тіркелді. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, сайлаушылардың тиісті қолы жиналған. Оған 20 өңірден 400 мыңдай адам қол қойған. Оны комиссия тексерістен өткізген. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың куәлігін үміткердің сенім білдірген адамы Ерлан Қошановқа берілді.
Ерлан Қошановтың айтуынша, үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі коалиция үгіт-насихат жұмысына рұқсат берілген күннен бастап жұмысын бастауға дайын екенін айтты.
Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:
Коалицияға 3 парламенттік партия, 20-дан астам қоғамдық бірлестіктер кіріп отыр. Олардың барлығы - біздің мемлекетіміздегі қоғамдық саяси-өмірге араласып жүрген ірі қоғамдық бірлестіктер. Сол қоғамдық бірлестіктер қосылып, осы коалицияны құрды. Соның атынан Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке үміткер ретінде ұсынылды. Бірнеше күннің ішінде сайлау заңнамасына сәйкес барлық талаптар орындалды.
Асылбек Данияр, тілші:
Айта кетейін, кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі өткізілген жоқ. Заңнамаға сәйкес мерзіміне қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген Республика Президентіне бұл ереже қолданылмайды. Бұдан бөлек, бүгін «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі атынан президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Салтанат Тұрсынбекова және «Халық демография» қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған Жұматай Әлиев мемлекеттік тілден емтихан тапсырды. Әлиев сынақтан сәтті өтті, лингистикалық комиссияның екі өкілінен басқа мүшелері оны мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген шешімге келді. Салтанат Тұрсынбекова комиссияның бір ауыздан қабылдаған шешімімен емтиханнан сүрінбей өтті. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы қос кандидат та президенттікке үміткерлікке қойылатын барлық талаптарға сай деп таныды. Қазір 6 кандидат қол жинауға кірісіп кетті. Жалпы, үміткерлерді тіркеу 21 қазанға дейін жалғасады. Олардың әрқайсысы кем дегенде 118 273 сайлаушының қолын жинауы тиіс. Ал, 21 қазан сағат 18:00-де үгіт-насихат жұмыстары басталады.