Украинада Ресейдің шабуылынан кейін қирап, зақым келген нысандарды қалпына келтіру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Президент Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді. Соңғы мәліметтерге сай, зымыранмен атқаннан кейін Киев пен бірнеше қалада 11 негізгі инфрақұрылым нысаны бүлінген. Ел аумағында электр қуатын беру үзілді. Ал 8 өңірдің халқы сусыз, жылусыз қалған. Украина тарапының мәлімдеуінше, Ресей Украина аумағына 84 зымыран жіберген. Олардың 43-і атып құлатылды. Ракеталардан бөлек дрондармен шабуыл жасалған. Осыдан бірнеше күн бұрын Ресейді Қырыммен жалғайтын көпірде жарылыс болды. Мәскеу бұл оқиғаға Киевті айыптап, кек алу ретінде Украинаны зымыран және артиллериямен атқылады. Ресейдің бұл әрекеті Еуропа елдері мен АҚШ-тың сынына ұшырап отыр.
Арай Төлегенқызы