Жұма күні Орталық сайлау комиссиясына Қасым-Жомарт Тоқаевтың құжаттары ұсынылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидат болуға келісімі туралы, өмірбаяндық дерегі қоса берілген өтініш тапсырылған. Тақырыпты Данияр Қайыртай жалғастырады.
Қатар-қатар съезд өткізген үш парламенттік партия осындай шешімге келместен бір күн бұрын алдымен Ұлттық волонтерлер лигасы, сосын Qazaqstan Team жастар бірлестігі, Спортшылар одағы мен Ардагерлер ұйымы да Қ.Тоқаевты президенттікке үміткер етіп ұсынған.
Сол күні Мемлекет басшысы сайлауға бір ұйымның емес, әртүрлі күштердің коалициясы атынан қатысатынын мәлімдеген еді.
Ол қаншалықты мүмкін екенін коалиция құрылмай тұрғанда Әділет министрінен сұраған болатынбыз.
Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:
Бірнеше ұйымның атынан шығу мүмкін бе? – Заңда ондай шектеу жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «бұл Президент ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажеттігі» туралы жыл басында жариялаған ұстанымына сай келетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялармен, бірлестіктермен тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Аманат» партиясының мүшесі, депутат Елнұр Бейсенбаев кез келген саяси партияның мақсаты билік үшін күрес болса да, қазір көптеген ұйым Қ.Тоқаевтың реформаларын қолдайды деп есептейді.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
Кез келген саяси партия әрдайым кандидат ұсынуға да, парламенттік сайлауларға да дайын болуы керек. Ол саяси партиялардың билікке күрестегі мызғымас принципі. Менің түсінігімде солай. Енді өзге партиялар сондай шешім қабылдап жатса, мүмкін олардың басқа ойлары мен мәселелері бар шығар.
Парламенттік оппозиция саналатын партиялар өз саяси бағдарламалары мен Қ.Тоқаевтың реформаларынан ұқсастық көргендіктен коалицияға бірігу туралы шешімге келгенін айтады.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» ҚДП төрағасы:
«Ақ жол» партиясының көзқарасы Президенттікімен үндес болып жатыр. Енді халықаралық жағдайды қарасақ қазіргі кезде ең өткір, қауіпті мәселе. Біз мемлекеттігімізді сақтасақ, тәуелсіздігімізді сақтасақ, жерімізді сақтасақ, ерте ме, кеш пе, Қазақстан – дамыған, замануи, нарықтық экономикасы бар, демократиялық мемлекетке айналады.
Асхат Асылбеков, Қазақстан халық партиясының саяси бюро мүшесі:
Жан-жақта соғысып жатыр, жан-жақтан неше түрлі провокация болып жатыр, осындай кезде Тоқаевтың үлкен саясаты бізге ұнайды, біз оны қолдаймыз. Кейбіреулер айтуы мүмкін, «Аманат» ұсынды, «Халық партиясы» қосылды деп. Мүлдем олай емес. Біз өз атымыздан ұсынып отырмыз. Оны тағы да басқа ұйым ұсынады. Олар да қосылмайды. Олар бірігеді, коалицияға.
Ал тағы бір «аманаттық» депутат Жанарбек Әшімжан парламенттік оппозиция деп есептелетін партиялар өз ішінен кандидат ұсына алмауы өзіне сын деген пікір айтты.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Демек белгілі бір тұлғалардың бірауызды болып ұйысуы, саяси шешімдерді қабылдауда әр түрлі көзқарастар болған шығар деп ойлаймын. Ол – сын ғой, сын, үлкен сын. Кімдер үшін? – Сол саяси ұйымдар үшін.
Саясаттанушы Алуа Жолдыбалина парламенттік партиялардың Халық коалициясына бірігуіне екі себеп айтты. Біріншіден, олар өзге партиялардың сайлауға қатысуына мүмкіндік бергісі келген шығар дейді. Ал екіншіден:
Алуа Жолдыбалина, Саясаттанушы, ҚСЗИ директорының орынбасары:
«Ақ жол» мен «Халық партиясы» бүгінде Парламентте бар. Ол ең жоғары заң шығарушы органда отырғаннан кейін олар көп жағдайда мемлекеттік билік деп есептеледі. Сол себептен олар өз шешімінде бүгінгі мемлекет ұсынып отырған бағытты ескеріп отырған болуы мүмкін.
Бұрынғы сайлауларға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысып жүрген сарапшы Серік Бейсембаев партияның ғылыми терминологиядағы анықтамасын еске салды.
Серік Бейсембаев, PAPERLAB зерттеу орталығының сарапшысы:
Саяси партия деген ең алдымен өз әлеуметтік базасы бар, саяси платформасы бар, билікке таласатын күштер. Классикалық анықтамасы. Кез келген саяси науқан оң нәтиже беруі үшін ол қоғамдық сұраныспен сәйкес болуы керек. Қоғамның сұранысы – шынайы саяси бәсекелестік, шынайы үміткерлер және ашық сайлау.
Бірнеше партия мен қоғамдық ұйым құрған Халық коалициясының форумына қатысқан Қасым Жомарт Тоқаев «ортақ кандидат ретінде Президент сайлауына түсу – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік» деді. Әрі елдің «саяси, әлеуметтік, құқықтық және басқа маңызды жүйелерін түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа» жүргізгенін айта келе, мемлекет басшысы 3 жарым жылда атқарылған істерді атап шықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елде шұғыл шешілуге тиіс көптеген мәселе қордаланып қалды. Алдағы сайлау біздің жаңа жетістіктеріміздің негізін қалайтынына, жаңа саяси дәуірдің тірегі болатынына сенімдімін. Ондаған жылдар өткенде бұл кезеңді шынайы бетбұрысты шешімдер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі ретінде еске алады. Мен бұған сенемін.
Халық коалициясы жұма кешкісін Қасым Жомарт Тоқаевтың құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына өткізді. Кеше оның кандидатурасы талапқа сай деп танылып, қол жинауға рұқсат берілді. Әр үміткер кемінде 118,2 мың қол жинауға міндетті.
Данияр Қайыртай, «Апта»