Президент сайлауы: Тоқаев сайлауға халықтық коалиция атынан түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сайлауы: Тоқаев сайлауға халықтық коалиция атынан түседі

06.10.2022

Сонымен қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше партия мен қоғамдық ұйымдар бірлескен халықтық коалиция атынан сайлауға түседі. Бүгін Астанада қолдаушылар форумы өтіп, Мемлекет басшысы саяси тұрғыда бейтараптығын сақтайтынын айтты. Сындарлы сәтте ел халқының жұдырықтай жұмылып, бірлікте әрекет етуі маңызды деді. Ал ол үшін ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бәрі де мемлекет мүддесі тұрғысынан қабылдануы қажет деп мәлімдеді.

«Aманат», «Ақ жол», Қазақстан Халық партиясы. Саяси ұйымдардың ұстанымы мен көзқарасы әртүрлі болғанымен бұл жолы бағыты мен мақсаты бір. Ел тағдыры үшін маңызды сәтте қабаттасып емес, қанаттасып жұмыс істеуді жөн көрген.

Жалпы бүгінгі жиынға 30-дан астам қоғамдық ұйымның атынан екі мыңнан аса өкіл қатысты. Президент көптің қолдауына алғыс білдіріп, еліміздің жаңа саяси дәуірге қадам басқанын айтты. Ал ел билігінің стратегиялық мақсаты - жемқорлықпен күрес деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта соңғы үш жылда біраз шаруа атқарылды. Мысалы, осындай қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Бұдан былай олардан қайтарылған қаражат мектеп салуға жұмсалады.

Бір адамның билікте ұзақ болуы дұрыс емес дейді, Президент Тоқаев. Демократияның негізгі ұстанымы да осы. Негізгі күш саяси элита емес, бұқара халық. Биыл ел болып президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектедік. Басты заң конституцияға осылай бекітілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды. Біз ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуымыз керек. Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуға тиіс.

Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асты. Оның басты мақсаты әділетті Қазақстанды құру. Дегенмен бұл ұзақ та қиын жолдың тек басы ғана деді Президент. Ал 20 -шы қарашада өтетін сайлау күрделі саяси жаңғырудың тек бірінші қадамы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елде шұғыл шешуді талап ететін көптеген мәселе қордаланып қалды. Алдағы сайлау біздің жаңа жетістіктеріміздің негізін қалайтынына, жаңа саяси дәуірдің тірегі болатынына сенімдімін. Ондаған жылдар өткенде бұл кезеңді шынайы бетбұрысты шешімдер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі ретінде еске алады. Мен бұған сенемін.

Қазақстанның халықаралық саяси алаңдағы ұстанымы көпшілікке белгілі. Бейбіт әрі бейтарап. Теңіздей толқып тұрған геосаяси ахуал кезінде де біздің ел бұл бағыттан айнымақ емес. Жаһандық әрі өңірлік ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеуді жалғастырамыз деді, Президент. Сонымен қатар ол ұлтты ұйыстыратын негізгі жеті қағиданы атады. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, дархан жеріміздің әр уыс топырағына дейін қастерлеп, атамекенімізді қорғай білуіміз қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бәрі осы тұрғыдан қабылдануы қажет. Бір сөзбен айтсақ, әр істе мемлекеттік ұстаным болуы керек. Мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі. Сондықтан, барлық шешімдер, жобалар, заңдар мен жарғылар ел мүддесін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық әр азаматқа тән қасиет болуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасын таяу арада жариялайтынын айтты. Оның негізі елді жан-жақты трансфармациялау мен халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі іс-шаралар болмақ. Президент осы маңызды науқан кезінде ел халқын ұлт болып ұйысып, бірігуге шақырды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу