Президент сайлауына 1,5 айдай уақыт қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сайлауына 1,5 айдай уақыт қалды

02.10.2022

Президент сайлауына 1,5 айдай уақыт қалды. Осы аптада 5 партияның екеуі кандидаттарын ұсынды. Бірінші болып «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы үміткерін жариялады. Ол - қоғамға Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы ретінде танылған Жигули Дайрабаев. Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Нұрлан Әуесбаев сайлауға түспек. Осыған дейін саяси аренада көп көрінбеген азаматтың партияластары оның заңгер, экономист екенін айтты.Дегенмен, екі үміткер де әлі ресми тіркелген жоқ. Орталық сайлау комиссиясы партиялардың өтінішін қарап, жауабын жақында айтуы тиіс...

Ал, тілшіміз Аманкелді Сейтхан алғашқы кандидаттардың әзірлігі мен бұл сайлаудың бұрынғылардан ерекше детальдарын зерттеп көрді.

Президент сайлауына кандидат ұсыну 23 қыркүйекте басталғанымен бірінші үміткер 30 қыркүйекте белгілі болды. 2 күн бұрын Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының съезі өтіп, саяси кеңес мүшелері Үміткер етіп Жигули Дайрабаевты ұсынды. Оны жиынға қатысқан 89 адам қолдап, 2 адам қарсы шықты.

Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары:

Ол кісінің тәжірибесі өте мол. Шопан көмекшісінен бастап, совхоз директоры, колхоз төрағасы, аудандық ауыл шаруашылық басқармасын басқарған. Облыстық деңгейде жұмыс істеген.

67 жастағы Жигули Дайрабаев қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасына қарасты ауыл шаруашылығы комитетінің төрағасы. 2019-2022 жылдары «Қазақстан фермерлер қауымдастығына» жетекшілік еткен. Айта кетейік, ол 2021 жылы парламент сайлауында сол кездегі «Аdal» партиясы атынан мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған. Бұрынғы «Нұр Отан» қазіргі «Аманат» партиясына да мүше болған.

Жигули Дайрабаев, «Ауыл» ХДПП ұсынған үміткер:

Партиялас әріптестерімді ұятқа қалдырмаймын. Жақын арада өзімнің сайлауалды бағдарламамды ұсынатын боламын. Ауылдың қамын ойлаймын деп шулап жүргендердің арасында ауылдың шын жанашыры жоқтың қасы. Олар жерде жұмыс істейтін адамдардың мүддесін емес, жеке өз пайдасы мен қалтасын ойлап жүрген азаматтар екенін көріп тұрмыз. Сондықтан бұл жағдайда «Ауыл» партиясы өз қызметін барынша жандандырып, ауыл өнеркәсібінде болып жатқан барлық бастамаларға бас болуы керек.

Екінші кандидатты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынды. 2015, 2019 жылдары өткен президент сайлауларына бойкот жариялаған ұйым осы жолы додаға кірісті.

Талғат Әлиев, ЖСДП төрағасының орынбасары:

Біздің партия үшін тарихи оқиға. Неге десеңіздер біз партия ретінде бірінші рет президенттік сайлауға қатысқалы жатырмыз. Біздің партияға бірнеше үміткер өзінің кандидатурасын берді.

Партияның атынан сайлауға түсуге 5 адам өтініш берген. Ұйым солардың ішінен заңгер әрі экономист Нұрлан Әуесбаевты таңдады. Оны съезге қатысқан 49 делегаттың 48-і қолдады. Әуесбаев Нұрлан 1957 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 2021 жылы партияның Астана филиалының төрағасы болып сайланған. Жоғары білімді. Көп жылдар әкімдіктерде қызмет еткен. Оның сөзінше, қазіргі президенттің реформаларының көбі осы партияның да ұстанымына сай.

Нұрлан Әуесбаев, ЖСДП ұсынған үміткер:

Ол әкімдердің сайлауы. әкімдерді сайлауды біздің партия 15 жылдан бері айтып келе жатыр. Және мысалыға сайлау заңына реформа енгізіп, мажоритарлық сайлауға ол да ескерілді. Бірақ, бұл реформа аяғына дейін емес, біз оны аяғына дейін дамытуымыз керек.

Екі үміткер де енді ресми тіркелуі тиіс. Айта кетейік, биыл кандидаттарға қол жинау парағын беру мерзімі 5 күннен 2 күнге қысқарған.

Асылбек Смағұлов, ҚР ОСК мүшесі:

Қолдардың растығын тексеру мерзімі 10 күннен 5 күнге дейін қысқартылады. Бұл президенттікке кандидатты қолдап, қол жинау үшін сайлау процесіне қатысушылардың уақытын ұлғайту мақсатында жасалып отыр.

Тіркеу басталғалы 9 күн өтсе де қазір 2 кандидат қана бар. Ал, 2019 жылы президент сайлауына 7 адам қатысқан. Тіркеудің аяқталуына әлі 10 күн бар екенін ескерсек, үміткерлер тағы шығуы мүмкін. Бірақ, бұрынғыдай көп болмайды-ау,-дейді саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов.

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы, «Қоғамдық келісім» РММ директоры:

Қазіргі мына саяси үрдісте қандай да бір саяси науқанға қатысатын кандидаттар тізімі өте қысқа болып тұр. Бұл жерде біз мынаны түсінуіміз керек. Егер олар коалиция, альянс ретінде шықса өздерінің мүмкіндігі бар екенін білетін шығар. Екінші мәселе, сайлау бюллетенінде «Бәріне қарсымын» деген жаңа тетіктің пайда болуы. Мұның өзі бәлкім жеңіске сенбей отыр бірінші жағынан, мүмкін өздеріне одақтас іздеп отқан шығар әл-ауқатына байланысты бірнеше күштің бірігуіне.

Дәл осы бюллетеньдегі «бәріне қарсымын» деген графа қоғамда көп талқыланды. Өйткені, бұл таңдау сайлау нәтижесіне әсер етпейді екен. Себебін Әділет министрі былай түсіндірді.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:

Мен бәріне қарсымын деген, ол қалай есептеледі. Егер ол пікірін білдірді, бірақ кандидаттарға дауыс бермесе.

Ал, депутат Азат Перуашев бұл графаны таңдағандар саны ескерілуі керек,-дейді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің ойымызша мына бәріне қарсымын дегендер көп болса, мысалы 50 пайыздан көп болса әрине мұндай сайлау өтпеді деп мойындау керек.

Ғалым Әміреев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Менің ойымша ондай болмайды деп ойлаймын негізі. Қандай? Көбісі сол графаны таңдайды дейді де, олай болуы мүмкін емес қой

Серік Ақылбай, Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы, «Адал сайлау үшін» штабының төрағасы:

Ол сайлауға келушілер деген графаға келеді. Қатысушы сайлауға. Ал, біреуіне дауыс берді ме, бермеді ме, онда ешқандай мәні жоқ.

Ал, сайлауды өткізуге бюджеттен 20,5 миллиард теңге жұмсалмақ. Бұл 2019 жылғыдан 2 есе көп. Ол кезде 9 млрд теңге бөлінген. Орталық сайлау комиссиясының айтуынша, Ақшаның 80 пайызы комиссия мүшелерінің еңбекақысына жұмсалады.

Сонда 70 мың адамға 13 млрд теңгедей жұмсалмақ. Сондай-ақ, биыл бюллетендер да 2 есеге қымбатаған. 2019 жылы 11 теңге тұрған бюллетень қазір 22 теңге. Жалпы 12 млннан астам бюллетень алынбақ. Одан бөлек, су жаңа 4 мың дауыс беру жәшігі алынады. Әрқайсысы 71 мың теңгеден есептелген.

Амангелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу