Атырау облысының Жылыой ауданында дарынды балаларға арналған лицей күрделі жөндеуге мұқтаж. Мұнда жатақхана да жетіспейді. Сондықтан, оқушылар сынып бөлмелерінде түнеуге мәжбүр.
Аудан орталығынан қашықта тұрған жапандағы жалғыз мектептің проблемасы шаш етектен. Аулаға кіргеннен ақ қоқыс-қалдықтар көзге ұрып тұр. Спорт алаңы жоқ. Балалар жаздыгүні денешынықтыру сабағын көрінген жерде өтеді.
Мектеп мұғалімдері қатулы қабақпен қарсы алды. Директордың рұқсаты жоқ деп, 20 минуттай есік алдында ұстап, ішке әзер өткізді. 237 бала білім алатын нысанның материалдық техникалық базасы әбден тозған. 25 сыныптың 14-і яғни, 3-ші қабат түгелдей жатын бөлмеге айналған. Бір кабинетте оншақты бала жатады.
Жанат Қазекенова Жылыой Дарын лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
Кешкі уақытта этюдтар болады. Дайындалуға сол кезде кейбір оқушылар қатыса алмай қалады. Негізі осында жатып оқығандары жақсы. Ата-аналардың тарапынан да балаларының осында оқығанын қалайды негізі.
Сыныптардың кейбірінің төбесінен су ағады. Балалар мұнда да сыймағасын 100 шақты оқушы үйден қатынап жүр. Нысанның құбыр жүйесі әбден ескірген. Мектеп әкімшілігі жылда артық шығынға батып, бүлінген жерлерді өздері жөндейді. Алайда жамап-жасқағаннан пайда аз. Тіпті талапқа сай жуынатын бөлме де жоқ.
Жандос Темірғали, тілші:
Мұндағы жуынуға арналған 12 кабинканың екеуі жұмыс істемейді. Бұл жағдай балаларға қолайсыздық тудырып тұр. Және су арнайы қондырғымен жылытылады. Мұның өзі 150 бала жуынған кезде жетпей қалады екен.
Асханадағы ахуал тіптен аянышты. Құрылғылар тозған. Істен шыққандары да бар. Аспаз болмағасын, балаларға мектеп қызметкері тамақ әзірлейді. Диетологпен бекітілген ас мәзірі мүлде жоқ.
Мектепті бастан-аяқ күрделі жөндеуге 1 млрд 653 млн теңге сұралған. Прокуратура бұл әрекетті заңсыз деп отыр.
Дәурен Медетбеков, Жылыой ауданының прокуроры:
Күрделі жөндеу жұмыстарын тек 20 жылдан кейін барып өткізу керек еді. Осының бәрін ескеріп, сонымен қатар бұл нысанның пайдалану мақсатының ауқымдылығына байланысты мемлекеттік сараптамадан өткізу керек еді. Жобалық сметалық құжаттамасы, соларды өткізбеуіне байланысты соның бәрін ескеріп, тиісті хаттарды жолдадық.
Ал Білім басқармасының басшысы мәселенің расында өзекті екенін айтады. Қазір тексеріс басталды. Жобалық сметалық құжат қайта жасақталады.
Гүлнар Сәдуақасова, облыстық Білім беру басқармасының басшысы:
Биыл 500 млн қаражат бөлінген. Ағымдағы жөндеуді өткізуге. Бірақ мен басшысымен сөйлескенімде , ол кісі айтады, мен 500 млн-ға істегенім көрінбейді. Өйткені, бұл ғимараттың бүгінгі жағдайы ешқандай сын көтермейді.
Бүтін бір облыстың білім сапасын көтеруде айрықша орын алатын лицейде күрделі жөндеудің нақты қашан басталары белгісіз. Демеушілер есебінен салынады делінген 300 орындық жатақханадан да хабар жоқ.
Жандос Темірғали