Осы орайда еліміздегі мұнай-химия өнеркісібіне тың жаңалық алып келген Атыраудағы полипропилен өндіретін зауыт, алғашқы тапсырысын қабылдай бастады. Озық технологиямен жабдықталған кәсіпорынға - кәсіпкерлер арнайы барып, жұмыс процесімен танысты.
Орта Азия бойынша газ-химия секторында ойып тұрып орын алатын зауыт, жақын күндері толық іске қосылады. Бұған дейін, полипропиленді шетелден тасыған кәсіпкерлер енді отандық өнімді тиімді бағада сатып алып, игілігін көрмек. Азамат Асылбековтің де айы оңынан туғалы тұр. Арнайы экономикалық аймақтан жер алған. Сөйтіп, өндіріс ауқымын кеңейтпек. Шикізатқа тапсырыс та беріп қойды.
Азамат Асылбеков, кәсіпкер:
Қазір біз экспортқа жұмыс жасап жатырмыз. Қазір біздің оданда әрі бәсекеге қабілетті болуымыз үшін, отандық шикізаттың қажеттілігі туындауда. Сондықтан, отандық, атыраулық полипропиленнің болуы – біз үшін көмек болмақ.
500-ден астам адамды жұмыспен қамтитын бірегей кешен жылына 500 мың тонна полипропилен өндіреді. Тауардың 90 пайызы Қытай, Түркия, Шығыс және Орталық Еуропа мен ТМД елдеріне экспортталады. Қалған 10 пайызы ішкі нарыққа жұмсалады.
Дамир Әбілдинов «KPI INC» ЖШС маркетинг департаментінің директоры:
Біз үшін сапа – бірінші орында. Қазірдің өзінде жыл соңына дейін 8 мың тонна полипропилен жеткізу үшін арнайы келісімшарт жасадық. Бұл көлем алдағы уақытта ұлғаяды. Өйткені, тапсырыс көптеп түсіп жатыр.
Зауытпен танысып шыққан кәсіпкерлер тұтынушылар форумында басқосты. Оған бизнесі полипропиленге тәуелді 30 компаниядан 50 өкіл қатысты. 10 мекеме КРІ-мен келісімшарт жасасты. Енді олар тапсырысын қазан айының ортасына қарай ала бастайды.
Жандос Темірғали