Атырауда полипропилен өндіретін жаңа зауыттың құрылысы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда полипропилен өндіретін жаңа зауыттың құрылысы аяқталды

28.12.2021

Атырауда орналасқан Орта Азиядағы ең үлкен полипропилен өндіретін зауыттың құрылысы аяқталды. Қазір газ-химия кешенін іске қосу үшін соңғы жұмыстар атқарылып жатыр. Озық технологиямен жабдықталған кәсіпорынға шикізаттың алғашқы партиясы да жеткізілді.

Алпауыт кәсіпорынның баламасы әлемнің тек 5 мемлекетінде ғана бар. Еліміздегі бірегей кешен толық іске қосылғаннан кейін, жылына 500 мың тонна полипропилен шығарады. Өнімнің шамамен оннан бір бөлігі ішкі нарыққа жіберіледі. Қалған 90 пайызы Қытай, Түркия, Шығыс және Орталық Еуропа, ТМД елдеріне экспортталады.

Жандос Темірғали, тілші:

Полипропилен өндіруге қажет шикізат тікелей Теңіз кенішінен теміржол арқылы тасымалданады. Қазір мұнда пропан газының 1152 тоннасы жеткіщілді. Зауыт тәулігіне 72 вагон қабылдайды. 

Асхат Қазенов,  «Кpi inc.» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры:

Осыған дейін бұл газ экспортқа сатылған. Енді бұл газ біздің Қазақстанға кіріп, осы жерден біз полипропилен аламыз. Біздің шикізаттан пленкалар алуға болады, трубалар жасалады, кез-келген пластмасса өнімдері шығарылады.
Зауыттың құрылысына бас-аяғы 4 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Іске қосылғаннан кейін 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Қызметкерлердің арасында отандық мамандардың үлесі басым болады. Кешен толық автоматтандырылады, яғни қол күшінен гөрі, озық технологияға басымдық беріледі.

Болат Әбдуәлиев,  «Кpi inc.» ЖШС жобалау және құрылыс бойынша басқарушы директоры:

Біздің зауыт қосылғаннан кейін ең цифрализацияға сай зауыт болады. Дайын өнімді сақтау склады толық цифрландырады.Ол бізде адам болмайды деген сөз. Оның ішінде тек қана роботтар жүреді./
Жобаның жалпы құны 2 млрд долларға жуық. Зауыт келер жылы іске қосылады. Кешенді «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы басқарады.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу