Алматыда Димаш Құдайбергеннің кеші қарсаңында әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер бас қосты. Димаш қай елде жеке концертін өткізсе де, оның өнерін сүйіп тыңдайтындар кездесуді дәстүрге айналдырған.
«Препати» деп аталып кеткен осындай кездесулер әдетте концерттен бір күн бұрын өтеді. Бүгін мұнда әлемнің 50-ден астам мемлекетінен келген 600-дей шетелдік мейман жиналды. Америкалық Денис Джонс пен Оңтүстік Африкалық Хева Бле Димаштың Дубайдағы наурызда өткен концертінде танысқан. Енді міне, жарты жылдан соң қайтадан көрісіп отыр.
Денис Джонс, Димаштың жанкүйері:
Димаш шығармашылығы арқылы адамға үлкен энергия сыйлайды. Оның талантынан бөлек, адами қасиеттеріне тәнтімін. Дирс фанаттарының арқасында әлемнің түрлі елінен талай дос таптым. Біз - бүтін бір отбасы сияқтымыз.
Жергілікті жанкүйерлер де қалыс қалмады. Орталыққа жиналып, меймандарды ізгі ілтипатпен қарсы алды. Естелікке Қазақстан туралы жазылған кітаптарды сыйға тартты.
Айжан Тоғыспаева, Димаштың жанкүйері:
Гайдбук дейді. Алматының үздік 100 орыны туралы. Соның бәрін біздің қонақтар қуана-қуана алып жатыр.
Әнші фанаттарының бірлігі бекем. Қашан да байланыста. Қаржы жинап, Қазақстандағы ата-анасының қарауынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі 100 балаға Стрэйнджер концертіне билет сатып алып берген.
Жанна Меперашвили, Димаштың жанкүйері:
Қайырымдылыққа қаржы бөлу туралы ақпартты көргенде ойланбастан ақшамды жібердім. Бізге игі істерді жасауды Димаштың өзі үйретіп жүр.
Ал бұл -Димаштың испаниялық жанкүйерлері. Олар Қостанайдағы алапат өрт шығындарына қайырымдылық мақсатында мың еуро аударған.
Димаш - жасына, ұлтына, тілі мен дініне қарамай, әлем халқын біріктіре білді. Ол - саф өнерде шекара жоқ екенін дәлелдеген аңыз тұлға, дейді шетелдік меймандар.
Фариза Мұсақызы