Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес үшінші рет шаршы алаңда кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес үшінші рет шаршы алаңда кездесті

18.09.2022

Бүгін жаһан жанарын жаулаған жекпе-жек өтті. Біздің батыр, Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес үшінші рет шаршы алаңда кездесті. Сол Лас-Вегас, сол «T-Mobile» аренасы. Бірақ, бұл жолы рингтің реңі басқа. Қазақтың Димашы әнұранымызды шырқады. Біздің брендке айналған қос талантты алпауыт АҚШ-тың төрінде, бір шаршы алаңнан көріп, ел рухтанып, шаттыққа бөленгені рас. Әуелгі екі кездесудің нәтижесіне екі ойлы қарайтын көрермен бүгін «ер кезегі үшке дейін» деп, жеңіс күтті. Бірақ мексикалық басым түсті. Алайда көпшілік үшін Гена өз биігінде қалды, қала да бермек. Жекпе-жек аяқталған бетте Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинге телефон шалып, оған қолдау көрсетті. «Сен жанкүйерлер үшін әлемдегі және еліміздегі ең үздік ұлттық чемпион болдың және чемпион болып қала бересің. Біз сені мақтан тұтамыз!» - деді Президент. Азамат Бейбітұлының материалы.

Димаштың әнұранды шырқауы елдің де, Геннадийдің де рухын көтергені рас. Сөйтіп, кәсіпқой бокстағы ең тартысты трилогиялардың бірі басталды.

Әуелгі раундтартарда олар бір-бірінің қателігін аңдып, сақтықпен жүрді. Бірақ, раундқа-раунд қосылған сайын Канелоның қарқыны да арты түскендей. Белсенді, дәлірек. Геннадий тек 8-раундтан кейін ғана ашық жұдырықтасуға кірісті.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Геннадий өте мықты боксшы. ол қалай болса да әлемдік бокста өз орны бар, өз ізін қалдырған азамат. Бірақ, әрине біз оған жеңіс тілейміз.

Астана. Қазмедиа орталығы. Зал іші адамға лық толы. Бәрі үлкен экранға үлкен үмітпен қарап отыр. Көрермен жүрегінің соғысының дүрсілі боксшының жұдырық соққысынан кем емес. Бірақ, уақыт секундтан секундқа секірген сайын, жеңіс те сынаптай сырғып бара жатқаны сезіледі.

Жалпы, Геннадий Головкиннің әр жекпе-жегін тұтас қазақ елі асыға күтеді, уақытына қарамастан ынтамен көреді. Дәстүрге айналған салтанат. Астананың «экспо» алаңында да батырды қолдағандар көп.

Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінде тұрғындар жиналып, Геннадийге жанкүйер болды. Алматы, Қарағанды, Шымкент, Орал, Талдықорған және басқа да қалаларда ұлттық арна тілшілері көрермендермен бірге жүріп, сұхбаттасты. Тіпті, Лас-Вегастың өзінен, жекпе-жек өтіп жатқан аренадан әріптесіміз Жалғас Сәдірбай да хабар таратты.

Жекпе-жек 12 раундқа созылды. Төрешілердің шешімімен Сауль Альварес жеңіске жетті.

Абзал Ажгалиев, шорт-трекист:

Бүгінгі бойда ұтылса да, гена бауырымызды қолдаймыз. өйткені, ол елімізге маңдайы сіңген спортшы, аңыз адам деп айта аламын. Өйткені, шетелге біз шыққан кезде ГГГ деп ағылшындар айтып жатады. Бүкіл әлем таниды оны.

Серікзат Дүйсенғазы, ақын:

Спорт саласында, әсіресе, кәсіби бокс саласында жастардың қаулап шығуы осы Генаның әсері деп айтамын мен. Жәнібек, Данияр. бәрі де әлемдік рейтингте алдыңғы қатарға шығып жатыр.

Ибрагим Ескендір, әнші, боксер:

Генаға қарап қаншама біздің қарагөздеріміз спортқа келді, Генаға қарап қаншама бауырларымыз әлемдік аренаға шығып жатыр. Сондықтан, біз батырымызды жеңісті күнінде де осындай бір сыңға түскен күнінде де қолдай білу керекпіз деп ойлаймын. Сондықтан да,Генаның әлемдік аренада қазақтың туымен шыққанының өзі біз үшін үлкен жеңіс.

Головкинге тиесілі орта салмақтағы IBO, IBA және WBA белбеулері сарапқа салынбаған, сондықтан бұл титулдар отандасымыздың еншісінде қалды. Геннадий Головкин бүгін жеңілсе де, жығылған емес. Ол ұзақ жылдар бойы қазақ елін жеңімпаз сезіндірді әлі де солай болмақ. Ол әрқашан елінің батыры, насихатшысы және чемпионы!

Геннадий Головкин, IBO, IBA, WBA тұжырымдары бойынша әлем чемпионы:

«Чувствовал поддержку, совсем немножко не хватило мне, это моя ошибка, признаю. Вернемся сильнее, все будет хорошо. Желаю всем здоровья и успехов. Алга, Казахстан! Вместе мы — сила!».

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу