Ақтөбеде сұйытылған газ тапшы. Көптеген газ құю бекеттерінің жұмысы уақытша тоқтаған. Қазір бізге осы өңірдегі меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемал мән-жайды тікелей эфирде баяндауға әзір.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Иә, қазір Ақтөбенің жүргізушілері көлігіне құятын газ таппай сенділіп жүр. Бекеттердің көбі есіктерін тарс жауып, «Газ жоқ» деген тақтайшалар іліп қойған.Тек кейбірі ғана талонмен беріп жатыр. Жалпы, қыркүйек айына жоспарланған 13 500 тонна сұйық отынның орнына өңірге тек 10 500 тонна бөлінген. Яғни, 3 мың тонна жетіспейді. Жауаптылардың айтуынша, «СНПС-АқтөбеМұнайГаз» және Атырау газ зауыты жөндеуге жабылғандықтан, осындай мәселе туындап отыр. Дегенмен, өзге мұнай-газ компанияларымен келісім жасалып жатыр. Облыстық Энергетика басқармасының өкілдері жуық арада жағдайды реттейміз дейді.
Ержан Мұздыбаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
«Қажеттілікті арттыру мақсатында қосымша газ обьемдарын алған едік «ТеңізШеврОйл» компаниясынан 620 тоннаға келісім шартқа отырып, қосымша көлемді алып жатырмыз. Одан бөлек «ҚазақОйлАқтөбе» компаниясымен бірлесіп қазіргі таңда 350 тоннаға қосымша газ алып отырмыз».
Жақсыбек Кемал, тілші:
Жауаптылар Энергетика министрлігіне қосымша 1000 тонна сұйытылған отын бөлуге сұраныс жібереміз деп отыр.
Бір қызығы, облыста газ жетпей жатқан уақытта «ҚазақОйлАқтөбе» компаниясы өндіретін 700 тонна сұйытылған газдың жартысы Қызылордаға жіберілген. Ал, тасымалдаушылар «Теңізшевройлдан» келетін сұйық отынның қымбатқа шығатынын айтады.
Дегенмен, жауаптылар бекеттердегі газ бағасы 50 теңге шамасында қалады дейді. Қазір облыстағы көліктердің 30 пайызы газбен жүреді.