Бүгінде қазақ жерінде 140 этнос пен 18 конфессияның өкілдері тату тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгінде қазақ жерінде 140 этнос пен 18 конфессияның өкілдері тату тұрып жатыр

09.09.2022

Қазақстан - бейбітшілікті насихаттаушы, татулықты пен тұрақтылықты қалайтын ел. Соның бірден бір дәлелі - түрлі этностар мен діни топтар өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны. Бұл, әрине, мемлекеттік саясаттың дұрыс бағытта жүріп жатқандығының белгісі. Сондықтан болар үш жыл сайын дәстүрлі түрде әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақстанда өтеді.

Бүгінде қазақ жерінде 140 этнос пен 18 конфессияның өкілдері тату тұрып жатыр. Азаматтарға өз қалауы бойынша дін ұстану еркіндігі мен әр ұлттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінің сақталуына мүмкіндік берілген. Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлының айтуынша, осындай тұрақтылық сақталған ел - бүкіл әлемге үлгі. Маңызды шараның өтетін жері үшін Қазақстан бекер таңдалмаған.

Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

Әлемге барынша Қазақ жерінен бейбітшілікті насихаттау, дінаралық татулықты насихаттау, дінаралық келісімді насихаттау мақсатында осындай жиын өтіп келе жатыр. Қазақстан өз кезегінде сол алаң арқылы елдің жалпы әлемнің бейбітшілігіне өзіндік үлесін қосады деген үміттеміз.

Қазақстан дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың арқасында әлемдік маңызды шараны өткізуге мұрындық болып отыр. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Владимир Шнайдер осындай пікірде.

Владимир Шнайдер, Филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

Біз полиұлттық мемлекетпіз, ал мұндай елдің басты қағидасы - халықаралық татулық, этносаралық татулық және конфессияарлық келісімнің мығым, берік болғандығы. Егер де осы мәселе дұрыс жолға қойылатын болса, онда біз Қазақстанды болашақ, мәңгілік елдердің қатарынан көре аламыз.

Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі әлемдік қоғамдастықтың даму талаптарына жауап береді. Қазақстандық модель Еуразияның заманауи мәдениетінің феноменіне айналды.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу