Қазақстандықтар Бірлік күнін тойлап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар Бірлік күнін тойлап жатыр

01.05.2019

Бірлік мерекесі еліміздің әр өңірінде тойланды. Батыс Қазақстанның орталығында жалпыхалықтық шеру өтсе, Жетісу жұрты Жастар саябағында жиналып, қазақ жерінде тату-тәтті тұрып жатқан ұлт өкілдерінің ән-биін тамашалады. Ал, Ақтөбеде ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды.

Бірлік күнінде Оралда жалпыхалықтық шеру өтті. Мерекелік шараға 123 ұйым қатысты. Орталық алаң бойымен 25 мыңнан астам адам жүріп өтті. Бүгінде Орал өңірінде 90-нан астам ұлыс өкілі тұрып жатыр. Олар сан салада тер төгіп, елдегі бірлікті бекемдеуге үлес қосуда.

Аяжан Бақтыгереева, студент:

- Бүгінгі Бірлік күнімен баршаңызды құттықтаймын.

Ал, Жетісу өңірінде 100-ден астам этнос тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Жастар саябағында өткен салтанатты жиынға жиналған халық осы қалада тұрып жатқан ұлттардың ән-биін тамашалап, дастарханынан дәм татты. Салт-дәстүрімен танысты.

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі Қызылжарда да кеңінен тойланды. Орталық алаңға түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері жиналып, ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрлерін көрсетті. 

Өнерпаздардың концерті мен ұлттық ойындар мейрамның көрігін қыздырды. Асық тігіп, сақасын шиырған мергендер «Ботай» ойынында бақ сынасса, Сергей Цырульников қара күшімен көпшілікті қайран қалдырды. Сондай-ақ, Достық үйі маңында шеберлер ауылы бой көтеріп, ұлттық бұйымдар көрмесі өтті.

Ал, Ақтөбе облысында 150-ге жуық мәдени шара ұйымдастырылды. «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңына жиналған ұлт өкілдері ән салып, би биледі. Ал, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық демалыс саябағында түрлі спорттық шаралар мен қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды.

Ал, Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда қаладағы кәсіпорындар мен шаруалар ет, сүт, көкөніс және басқа да күнделікті тұтыну тауарларын саудаға шығарды. Тұрмысқа қажетті, күнделікті тұтыну тауарлары базар бағасынан 10-15 пайыз арзанға сатылды.

Береке мен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың бастауы – 1 мамыр мерекесі осылайша қазақ даласын думанға бөледі.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу