Статистика: Тілсіз жау Қостанайда 111 рет тұтанған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Статистика: Тілсіз жау Қостанайда 111 рет тұтанған

07.09.2022

Соңғы күндері елімізде орман өрттері жиілеп кетті. Мұның себебі неде? Бұған дейін де осындай табиғи апаттар болды ма? Тілшіміз соңғы бес жылдағы орман өрттері жайлы деректерді шолып шықты.

Көктемде қаулап өскен көк қураған кезде жер-жерде қызыл жалын тұтанып жататыны рас. Жаздың соңы мен күз айларында жиілейтін дала және орман өрттерін өшіру оңайға соқпайтыны содан. Кейбірін сөндіруге тіпті апталап уақыт кетеді. Осындай алапат өрттер ел жадында. Алдымен статистикаға жүгінсек.

Мәселен, 2017 жылы елімізде 563 рет орман өртеніп, 19 мың гектардан астам аумақты жарамсыз еткен. Ал 2018 жылы жасыл желек 358 рет тұтанғанымен, келген зиянның көлемі әлдеқайда үлкен. 162 мың гектардан асады. 2019 жылы қызыл жалын 628 рет бой көрсетіп, барлығы 73 мың гектар алқапты күлге айналдырды. Бұдан өрттің саны емес, ауқымы мен оған жылдам тосқауыл қою маңыздырақ. 2020 жылы 701 өрт тіркеліп, 102 мың гектарға таралған. Ал былтыр 749 рет ұшқындап, 167 мың гектарды шарпыды. Биыл 2 қыркүйекке дейін 659 өрт ошағы тіркеліп, 37 мың гектарға жайылған. Яғни жылдағы көрсеткіштен алшақ емес.

Шығыс Қазақстан облысы – өрт ең жиі тіркелетін өңір. Оған елдегі орман қорының басым бөлігі сол аймақта болуы себеп. Шығыстықтар 2020 жылы қызыл жалыннан қатты зардап шекті. Сол жылы төрт жарым мың гектар жасыл желек жанып кетті. Соңғы жылдары өрт саны азайып келеді.

Қостанай облысы былтыр 111 мың гектар орманынан айырылды. Тілсіз жау мұнда 111 рет тұтанған. Соңғы мәлімет бойынша, биыл 32 өрт тіркеліп, 167 гектарға жайылды.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу