Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы «Юнеско» деңгейінде тойлануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы «Юнеско» деңгейінде тойлануда

05.09.2022

Бүгін - ұлт ұстазы, қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген күн. 150 жылдық мерейтой «Юнеско» деңгейінде тойланып жатыр. Елорда төріндегі мән-мағыналы салтанаттың бір легіне тілшіміз куә болып қайтты.

Билік өкілдері, зиялы қауым және қала тұрғындары қаламгерлер аллеясындағы «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл қойды. Одан соң, халықаралық ғылыми конференция басталды.

Жантас Жақып, Филология ғылымдарының докторы, Профессор:
Әбіш Кекілбай былай дейді.  «Ана тілінің дамуына бүкіл халық қосқан үлес бір пара да, Ахаңның істеген еңбегі бір пара». Оны мынадан көресіздер, қазіргі мынау әдеби тіліміздің жақсы қалыптасуы, жазу тіліміздің жақсы қалыптасуы Ахаңның арқасы.

Рас, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алған. Содан бері 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасы, «әліппесі», «оқу құралы», «тіл құралы», «әдебиет танытқышы» мұның бәрі қазақ тілінің сақталып қалуына һәм дамуына тікелей ықпал еткен қазықты еңбектер.

Дәуіт Қара Шомбай, Венгрия ғылым академиясы этнография институтының ғылыми қызметкері:
Мен қазақ тілін төте жазудың негізінде үйренгеннен кейін мен ол кісіні жақсы көріп қалдым. Осы төте жазу әлі күнге дейін жүрегіме жақын. Қазақша жазғанда мен әлі күнге дейін сонымен жазамын.

Ахмет Байтұрсынұлы 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі. Ұлтшылдығы, қайраткерлігі үшін талай қудаланып, сүрлеуден өтті. Большевиктер оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Соның өзінде Ахмет Байтұрсынұлы елдің ертеңі үшін бір сәт те берілген емес.

Ербол Тілеш, Филология ғылымдарының кандидаты:
Бұл кісіге біз қашан да тағзым етеміз. Өйткені, оның еңбегі сол заманмен қалған жоқ. Бүгінге жетіп, бүгінде пайдаланып жүрміз. Біздің қолымызға жазу қаруын ұстатқан адам. Ұлтқа жазу қаруын ұстатқан адам, ол ұлттың мәдениетін бас шыңына көтерген адам.

Оның тұтас тағдыры күреспен өтті. Әкесі Байтұрсын Яковлевті ұрып, түрмеге түскеннен бастап Ахметтің өзі 1937 жылы соңғы рет «халық жауы» деп түрмеге түскенге дейінгі өмірі қүрес... Өз тағдыры ғана емес, қазақтың тағдыры үшін де күрес... Қорыта айтқанда, ұлт ұстазының есімі мен еңбегі елімен бірге жасай бермек...

 Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу