Ақмола облысының тұрғындары қостанайлықтарға гуманитарлық көмектің алғашқы легін кеше кешкісін жіберіп үлгерді. 5 көлікке тиелген 15 тоннадай азық-түлік, киім-кешек пен жеке гигиеналық заттар Әулиекөл ауданына түнделетіп жеткізілді. Бүгін тағы 50 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Облыс бойынша көмек жинау әлі де жалғасып жатыр.
Омар Шоназаров, Облыстық мәслихат депутаты:
Жеке кәсіпкерлер, кәсіпорын басшылары белсенділік танытты. Тұрғындар да көмек көрсетіп жатыр. Біз қостанайлық әріптестерімізбен хабарласып, нақты қандай көмек, қандай заттар керек екенін сұрап біліп отырмыз. Көмек жинау кезінде сол қажеттіліктер ескеріледі.
Көкшетаудағы «Достық Үйінде» де гуманитарлық көмек жинау орталығы ашылған. Қостанай облысымен шектесетін аудандарда арақашықтық жақын болғандықтан белсенділік жоғары. Еске сала кетейік, Қостанай облысындағы тілсіз жаумен күреске Ақмола өңірінің өрт сөндірушілері де жұмылдырылған. 50 құтқарушы мен 8 техника сол аймақта жүр. Сондай-ақ, Көкшетаудағы 55/10 әскери бөлімінің жеке құрамы көмекке аттанды.
Ермек Елберген