Министр қандай пәндердің сағаттары көбейетінін айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министр қандай пәндердің сағаттары көбейетінін айтты

03.09.2022

2024 жылдан бастап тілдік пәндердің сағаты көбейіп, жаратылыстану-математика пәндеріне басымдық берілмек. Бұл туралы бүгін Оқу ағарту министрі Асхат Амағамбетов айтты. Яғни, 3-сыныптарда ағылшын тілін оқыту сағаттары көбейеді. Бұған дейін, балабақша тәрбиешісі 25 балаға жауапты болып келді. Ал орташа жалақысы 147 мың еді. Енді алдағы уақытта жүктеме азаяды. Жалақылары артады. Оларды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Одан бөлек, балаларды балабақшамен қамтудың қосымша шаралары әзірленбек. «Қолайлы» мектеп ұлттық жобасы аясында да, жоспар бекіді. Тек елорданың өзінде 2 мың орындық 20 мектеп салынады. Ал әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары бұдан былай мектеп формасымен тегін қамтылады.

Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі «Болашақ» бағдарламасы аясында педагогтерге арнайы квота бөлінетінін айтты. Осылайша педагог ғалымдардың әлеуетін күшейту көзделген. Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын әзірлеуге кірісті. Нәтижесінде 4 млннан астам ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіледі, 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады. Ал маман тапшылығы мәселесін реттеу үшін резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға артып, 2025 жылы 3400-ге жетеді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық шығыны біріктіріледі. Халық толық медициналық көмек алу үшін саланы қаржыландыру тетігі қайта қаралады.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу