Шардара қаласында бес жыл бұрын салынған мектептің іргетасы шөгіп, қабырғалары құлай бастаған. Адам үшін қауіпті болғандықтан ғимараттың бір бөлігін жабуға да тура келіпті. Енді мұғалімдер жөндеу жұмыстарын өздері жасамақ. Өйткені мердігер, кепіл мерзімі бітті деп, келмей қойған.
Бұл Шардара қаласы іргесіндегі Өтеғұл елді мекеніннің 250 орындық мектебі. 5 жыл бұрын ғана салынса да асханадағы қабырғалар қисайып, бір жаққа ауа бастаған. Мектеп басшылығы ғимараттың осы бөлігін жауып тастапты.
Кезінде жаңа мектепті тапсыру жұмысы да біраз уақытқа кешігіпті. Себебі құрылыс сапасыз жүргізілген. Дегенмен, бір жылдан кейін жауаптылар ғимаратты қабылдап алған. Көп ұзамай оның қабырғалары құлай бастады.
Нұржамал Әділова, мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары:
Мына қабырға қисайды, арасы ашылды. Қауіпті ғой. Жөндеу жұмысы басталғанша деп өзіміз тіреп қойдық ағаштармен. Енді бұздырып жатырмыз. Мердігер келмеді. Кепіл уақыты келген жоқ.
Соңғы уақытта мектепке ата-аналар да жиі келіп жүр. Баласының өміріне алаңдап, оларды сабаққа жіберуге жүрексініп отырғандар көп.
Зоя Есбосынова, Шардара қаласының тұрғыны:
Менің балаларым оқиды мұнда. Әлі алда 4-5 балам оқиды бұл жерде. Қандай жағдайға тап болатынын білмеймін. Балалар төбеге мінген жағдайда төменге түсіп кетсе ойылып, әлде мына шеті құлап кетсе, естігелі бері қорқамыз.
Ғимараттың басқа қабырғаларында да жарықтар пайда болған. Мектеп басшылығы 5 жыл бұрын нысанды қабылдап алған құрылыс бөліміне де, облыстық басқармаға да хат жазған. Бірақ нәтиже жоқ. Енді ағымдағы жөндеуге бөлінген қаражатпен амалдап жатырмыз дейді.
Жалпы Түркістан облысында, жаңа болса да, күрделі жөндеуді қажет ететін бірнеше мектеп бар.
Дінислам Болатханұлы, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:
Ордабасы ауданында да мектептер 2017 жылы ғана салынған. Бірақ қазіргі уақытта сол Сайрам ауданында да сондай мектеп бар. Мақтаарал мен Жетісай аудандарында бар. Бірақ сол мектептерге де бізден қайта қаржы сұрап отыр. Үш мектеп бізде Жетісайда, Сарыағашта және Қазығұртта осындай проблема бар.
Білімге жауапты басқарма сапасыз мектеп салған мердігерлердің тізімін құзырлы органдарға тапсырмақ. Нысанды қабылдап алған құрылыс мамандарын да жауапкершілікке тартылу керек деген пікірде. Ал шардаралық ұстаздар болса мектептің бұзылған бөлігін сабақ басталғанға дейін өз күштерімен жөндеп алмақ.
Айнұр Ақбаева