Қарағанды облысының Талды ауылында жаңа мектеп салынатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының Талды ауылында жаңа мектеп салынатын болды

14.11.2022

Ұлттық арна арласқан соң мәселе шешілді. Қарағанды облысының Талды ауылында жаңа мектеп салынатын болды. Бұған дейін балалардың қабырғасы қақырап, іргетасы сөгілген мектепте оқып жатқанын айтқан болатынбыз. Темір құрсаулардың көмегімен ғана тұрған білім ордасының орнына жаңа ғимрат салу үшін жер бөлінді. Өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы тарқатады.

Мектептің 2005 жылдан бастап қабырғасы қақырап, іргетасы сыр берген. Сол кезде қауіпсіздік үшін айналдыра темір құсаулармен тартып қойыпты. Олар да түгел босап, былқ-сылқ етіп тұр. Қазір мұнда 160 оқушы, 70-ке жуық мұғалім жандарын шүберекке түйіп сабақ өткізуге мәжбүр.

Заңғар Қарсыбек, 11-сынып оқушысы:

Бізге білінбейді. Бірақ басқа кісілер айтты оның өте қауіпті жағдайда тұрғанын. Басында оны білмеген соң үрей болмаған. Ал естігеннен кейін қорқа бастадық.

33 жыл бұрын іргетасы қаланған мектептің әу баста жері дұрыс таңдалмаған. Бұрын қазан шұңқыр болған аумақ дұрыс нығыздалмаған.

Алтын Құсайынова, Талды ауылы №19 мектеп директорының орынбасары:

Мектептің жаңағы жерге төмен түсуіне байланысты ортасынан бөлініп, үлкен қауіпті жағдайда екені біліне бастады. Төменнен іргетасы құлап жатқаны білінді. Енді қазір мына жерден жаңа мектеп салынайын деп жатыр. Балаларымыз үшін, барлық ауыл үшін қуанып жатырмыз сол мектепке.

Тек былтыр ғана білім ошағына техникалық сараптама жүргізілді. Мамандар ғимарат 70 пайызға дейін апатты деген техникалық қорытынды шығарған. Құжатта мектеп түгел бұзылуы тиіс деп жазылған.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Ауылда қазір жаңа мектептің құрылысы басталды. Ол үшін елдімекен орталығынан жері бөлінген. Алдымен орны тегістеліп, инфрақұрылымы тартылады. Білім ошағының құрылысы келер жылдың қыркүйегіне дейін бітуі тиіс.

Жұрттың жанайқайынан соң болашақ мектептің орны белгіленіп, шұғыл жер комиссиясының қорытындысы шықты. 200 орындық жаңа білім ошағының құрылысына деп қажетті қаражаттың алғашқы бөлігі берілген.

Арғын Елеусізов, аудандық білім бөлімінің басшысы:

Мектеп ғимараты үшін 1 миллиард 37 миллион теңгеге құрылыс басталды. 200 орындық мектебіміз келер оқу жылы басталғанша бітуі керек деген келісіміміз бар. Бұл мектепке 2022 жылға 300 миллион теңгесі бөлініп отыр.

Жаңа білім ошағы бой көтергенше ескі ғимарат жіті бақылауда болады. Көңілі алаң ата-аналар мектеп сапалы салынып, мерзімінде тапсырылуын тағатсыз күтіп жүр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу