Жезқазғанда жалпы еңбек өтілі 520 жыл болатын металлургтер әулеті тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда жалпы еңбек өтілі 520 жыл болатын металлургтер әулеті тұрады

17.08.2022

Жезқазған қаласында жалпы еңбек өтілі 520 жыл болатын металлургтер әулеті тұрады. Өмірлері өндіріспен біте қайнасқан өнегелі шаңырақтың бүгінде үшінші толқын өкілдері ел экономикасына еселі еңбек сіңіріп жүр. Жақында бұл әулет республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысады.

Абзал, Салтанат, Дархан, Нұржан, Кәден- Әйтеновтар әулетінің бес бірдей өкілі бір күнде жұмыс ауысымына түсті. Олар үшін бұл таңқаларлық жағдай емес. Бүгінде әулеттен 10 адам металлургия саласында еңбек етеді. Мың градустан жоғары ыстық пештің маңында тер төгіп жүрген Абзал Әйтеновты 18 жасында зауытқа әкесі ертіп келіпті.

Абзал Әйтенов, металлург:

Жұмыс ауыр. 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Аллаға шүкір 30 жыл болып қалыпты көзді ашып-жұмғанша. Ата-бабаларымыздың, баяғыда әкелеріміздің айтатын сөздері бартын, жеп жүрген наныңды адал еңбекпен табу керек деп. Сол қанымызға сіңген ғой деп ойлаймын Аллаға шүкір.

Ал Салтанат Әйтенова осы әулеттің келіні. Бүгінде дайын өнімнің сапасын бақылаушы болып еңбек етеді.

Салтанат Әйтенова, металлург:

Үйде де, түзде де не нәрсенің сапалы болғанын қалаймын. Сондықтан осы жұмысқа мен сүйіп келемін. Қайнағам бар. Сол үйге келін болып түскенмін мен. Мерекелі той-дастархандарда өзіміздің әңгімеміз бөлек болады. Бөлек айтып кетеміз мыс туралы.

Жалпы жұмыс өтілі 520 жыл болатын металлургтер әулетінің ең үлкені Мұхамбет Әйтенов. Еңбек жолын 1969 жылы Қарсақбайда бастап, өндірісте 40 жыл тер төккен. Әке-Шешесі де Қарсақбайдағы мыс қорыту зауытында, Жезқазғандағы өндірісте жұмыс істеген. Анасы Мәрзия әжей 13 құрсақ көтерген батыр ана. Еңбекшілер отбасынан 6 ұлы бірдей металлург сүйменін ұстаған. Ертедегі өндірістегі қиындықтар әлі көз алдымда, - дейді Мұхамбет ақсақал.

Мұхамбет Әйтенов, ардагер металлург:

Екеуін салыстыруға болмайды. Айырмашылығы жер мен көктей. Қарсақбайда конверторлар 10 тонналық тұғын, ал мұнда 100 тонналық. 1300 градуста мысты балқытамыз. Мен енді қара мыс алудың шебері болдым. Оның үстіне газ бар, шаң бар, енді оның бәрі оңай емес адамға.

Әулеттің береке-бірлігі, сәні-мен салтанаты жарасқан. Барлық мерекелер мен отбасылық айтулы жиын-тойларды үнемі бірге атап өтеді.

Арзангүл Жарасбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Мерейлі отбасы ұйымшыл болса, бірлік болса, татулық болса, барлығы содан шығады ғой негізі. Келіндер бір-бірімен абысын-ажынды болса. Келіндеріміз тату, бірін-бірі сыйлап жүреді әйтеуір. Бір шаруа істелсе бәрі жұмыла кетеді. Сондай жанұямыз.

Металлургия саласына ғана емес, еліміздің экономикасына еселі үлес қосып жүрген міне осындай әулет бар. Ұрпақтан-ұрпаққа әдемі сабақтастықпен еңбек жолын дәріптеп, отбасылық құндылықтарды сақтай білген киелі шаңырақ өкілдері жақында Елордада өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу