Елімізде бірінші Орталық Азия волонтерлер форумы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде бірінші Орталық Азия волонтерлер форумы өтіп жатыр

17.08.2022

Ауқымды шара Мемлекет басшысының 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау жөніндегі бастамасы аясында ұйымдастырылған. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан волонтерлері 5 күн бойы осы саладағы өзекті мәселелерді талқылайды.

Асылбек Данияр, тілші:

Бірінші Орталық Азия волонтерлер форумының бірінші кезеңі Түркістан облысы мен Бурадабайда өтіп жатыр. Онда қатысушылар волонтерлік саланы дамыту, Орталық Азиядағы еріктілер қызметіне жаңа серпін беру жолдарын пысықтауда. Сонымен қатар экологиялық акциялар ұйымдастыруды да қолға алған. Айтылған идеялар мен ұсыныстар жинақталады. Форум қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданады. Ол сарапшылардың қатысуымен зерделеніп, қорытынды іс-шарада ұсынылатын болады.

Мадияр Қожахмет, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы:

Қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласына келеді. Бұл жақта 2 күнге арналған бағдарлама күтіп отыр. Оның шеңберінде тұрақты даму мақсаттары бойынша белгілі сарапшылардың қатысуымен сессиялар өткізу жоспарланып жатыр. Форумның қорытынды күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының қатысуымен өткен пленарлық отырыс барысында еліміздің танымал волонтерлері мен Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің танымал волонтерлерінің сөз сөйлеуі жоспарланған.

Асылбек Данияр, тілші:

Министрлік өкілі елімізде волонтерлік саласы өте қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2020 жылдың басында волонтерлік ұйымдардың саны 224 болса, қазір бұл көрсеткіш 673-ке жеткен. Белсенді волонтерлер саны 50 мың адамнан 200 мың адамға дейін артқан.


Хабарламаларға жазылу