Елімізде Орталық Азия волонтерлерінің І форумы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде Орталық Азия волонтерлерінің І форумы өтіп жатыр

15.08.2022

Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы басталды. Бес елдің еріктілері Бурабай мен Түркістанда бас қосты. Мақсат - тәжірибе алмасу, ортақ мәселелерді шешу.

Тәжікстан мен Түркіменстанның және еліміздегі волонтерлардың бір бөлігі Бурабайда бас қосты. 180-нен астам делегат өздері атқарып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Талшын Жаманқұлова, волонтер:

Волонтерлер барып көпбалалы отбасылардың балаларына қосымша сабақтар береміз. Одан соң, мәдени волонтерлық, қаламызда қандай да бір іс-шаралар өтетін болса, ондай жерлерде ұйымдастырушы волонтерлер болып көмек көрсетеміз. Балалар үйі болатын болса, қарттар үйіне арнайы іс-шаралар өткізіп жоспар бойынша балалардың, қарттар үйіндегі ата-апаларымыздың көңілдерін табуға тырысамыз.

Елімізде 600-ге жуық волонтерлік ұйым бар. Ондағы еріктілер саны 200 мыңнан асады. Соңғы үш жылда 1 жарым миллионнан астам адамға көмек көрсетілген.

Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасы:

4 шілдеде Президентпен осы «Волонтерлық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сол жерде волонтерлерді жұмысқа алу мәселесі, оқуға түсу мәселесі, сонымен қатар волонтерлық ұйымдардың шараларында мемлекет тарапынан оларға мүлік беру мәселесінде жеңілдетілген, ынталандыру бастамалары іске қосылды.

Ал Түркістанда Өзбекстан мен Қырғызстаннан және еліміздің 10 аймағынан келген волонтерлер өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, білім беру, экология, медицина және өзге де бағыттар бойынша ойындар ұйымдастырылды.

Ширин Абидова, Өзбекстан Республикасы Волонтерлер қауымдастығының жетекшісі:

Еріктілер деген бұл кішкентай отбасы. Бүгінде бұл шағын отбасының ауқымы кеңейді деп айта аламын. Мұның дәлелі бүгінгі өтіп жатқан Орталық Азия волонтерлар форумы. Еріктілер үшін қай елсің, қандай ұлтсың маңызды емес. Маңыздысы жасаған жақсылық жүректен жүрекке жетсе болғаны.

Форум ертең де өтеді. Волонтерлер өз жобаларын көрсетіп, жаңа идеяларымен бөліседі. Содан кейін Нұр-Сұлтан қаласында бас қосады. Онда ТМД бойынша панельдік сессиялар және пікірталас алаңдары өткізілмек.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу