Бүгін елордада Қазақстандағы ең үлкен мешіт жамағатқа есігін айқара ашты. Республикалық бас мешіттің іші мен сыртқы алаңында бір уақытта 235 000 адам мінәжәт ете алады. Осылайша құлшылық үйі Орта Азиядағы ғана емес, әлемдегі ең үлкен он мешіттің қатарына енді. Нысанның құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған. Сәні мен сәулеті келіскен зәулім ғимарат көз тартар көркімен ерекше. Көк түсті үлкен күмбездің биіктігі 83 метр. Алып ғимараттың аумағы үлкен. 68 мың шаршы метрден асады. Ал ғимарат іші ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген.Қабырғалары мен төбелерінде құран аяттары, Алланың есімдері, дұғалар жазылған. Мешіт сонысымен де өзгеден ерекше. Онымен қоса, мұнда әлемдегі ең үлкен аспашам орналасқан. Диаметрі 27м болса, салмағы 20 тонна. Ал еденге төселген кілем қолдан тоқылған. Бұл да әлемдегі ең үлкен кілем , жалпы ауданы 15 мың шаршы метр. Мешітте намаз оқитын залдан бөлек, асхана, неке қию залы, телестудия, кеңсе, мұражай, жабық автотұрақ, автобусқа арналған туннел де бар. Ғимарат алаңына субұрқақ пен саябақ та салынған. Мінәжәт етуге келген мұсылман қауым үшін мұнда бар жағдай жасалған. Зәулім нысан ел тұрғындары үшін ғана емес, туристер үшін де тартымды нысанға айналмақ.
Хасан Аманқұлов, ҚМДБ бөлім меңгерушісі:
Кіреберістегі Ирок деген ағаштан жасалған. Биіктігі 12 метр. Бұл да Гиннес кітабына енген ең биік есіктердің бірі. Одан кейін төрт мұнара бар. Біреуі туристік мұнара. Оған шығып қаланы тамашалауға болады. Осы ерекшелікті есепке алып, біз әлемдегі 6-шы орындағы ең үлкен мешіт деп есептеп отырмыз.
Тойған Ризуанова, Атырау облысының тұрғыны:
Мешіттің ашылатынын естіп, келіп көріп, қуаныштымыз. Өте жақсы екен. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Раушан Сайлауқызы